«Astana Arlans» командасының жетекшісі D&G Milano Thunder-ге қарсы шығатын спортшылардың есімдерін атады

АСТАНА. 30 қаңтар. ҚазАқпарат - «Astana Arlans» командасының жетекшісі Болат Манкенов үшінші ақпан күні D&G Milano Thunder-ге қарсы шығатын спортшылардың есімдерін атады, деп хабарлайды «Аламан» ұлттық спорт порталы.

«54 келі салмақта Исмаил Ахунов шығады. Биылғы маусымда ол бір рет жеңіп бір рет жеңіліс көрді. Исмаил жас әрі жігерлі. Сондықтан бұл жобаға жылдам бейімделе алды. Өзі алматылық болғандықтан қала тұрғындарын жерге қаратпауға тырысады деп ойлаймын», - деді Манкенов.

61 келі салмақ дәрежесінде «Astana Arlans-тың» намысын Мерей Ақшалов қорғамақ. Әзірше Мерей жеңіліссіз келеді. Ақшалов сырт алаңда есе жіберіп көрген жоқ, алдағы кездесу өз отанында болатынын ескерсек жақсы нәтиже көрсетуі тиіс.

73 келіде «Арландардың» атынан команда капитаны Қанат Ислам шығады. Болат Манкеновтың сөзіне қарағанда, Қанат өз бабында. Жанкүйерлер намысты жігіттің өнерін тамашалай отырып мол ләззат алуы тиіс. Итальяндық боксшы мен алжирлік легионеріміз Абдельхафида Беншабла арасында өтетін кездесу де өте тартысты болады деп күтілуде. «Италияда өткен жекпе-жекте Абдельхафид техникалық нокаутпен ұтылған болатын. Бұл жолы есе қайтармаса болмайды», - деді команда директоры.

Ресейдің «Dinamo-сымен» өткен кездесуде қаһарман атанған Руслан Мырсатаев баяғыша 91 келіде шықпақ.

Естеріңізге сала кетсек, турнирлік кестеде D&G Milano Thunder командасы бірінше сатыда тұр. Астананың арландары тек итальяндықтардан жеңілген болатын. Қарымта матч Алматыдағы Балуан Шолақ спорт сарайында 3 ақпан күні өтпек.