«Astana Arlans» жаңа маусымдағы алғашқы кездесуін қараша айында «Los Angeles Matadors»-пен өткізеді

ТАНА. 1 тамыз. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - АИБА Атқарушы комитетінің 31 шілдедегі отырысы барысында Бокстың Дүниежүзілік сериясы (WSB) бойынша командалардың 2011 - 2012 жылдар маусымына арналған жеребесі тартылды.

Бүгін елордада өткен баспасөз мәслихатында АИБА президенті Чинг-Куо Ву аталмыш турнирді өткізу бойынша бірқатар өзгерістер енгізілгендігін де мәлім етті.

АИБА басшысының айтуына қарағанда, ендігі күні командалар өңірлік конференциялардың орнына екі топқа бөлінетін болады. Командалар тұрақты маусымда әрбір қарсыластарымен үйінде және қонақта бақ сынасып, 10 кездесуден өткізеді. Топтар бойынша ең үздік, көшбасшы 4 команда плей-офф бәсекесіне шығып, онда көшбасшылар қарсылас топтағы тұрақты маусымда алғашқы орынды иеленген топпен кездеседі. Ал екінші нәтижеге қол жеткізген команда қарсы топтағы командамен кездесіп, ол бойынша чемпионаттың үшінші орын иесі анықталады.

Жеребе бойынша қазақстандық «Astana Arlans» клубы түскен «А» тобына «Dinamo Moscow» (Ресей), «Milano Thunder» (Италия), «Pohang Poseidons» (Корея), «Los Angeles Matadors» (АҚШ) командалары және WSB-қа жаңа қосылған «Mumbai» (Индия) командалары бақ сынайтын болады.

Ал «В» тобында «Istanbulls» (Түркия), «Paris United» (Франция), «Beijing Dragons» (Қытай), «Baku Fires» (Әзербайжан), «Miami Gallos» (АҚШ) және Дүниежүзілік бокс сериясының сапына жаңа қосылған «Germany» (Германия) командасы бар.

Қазақстандық команда өзінің алғашқы кездесуін АҚШ-та «Los Angeles Matadors» (АҚШ) командасымен 11 қарашада өткізеді.