«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Әнуар Ахметжановтың айтуынша, алдағы уақытта Stadler вагондарымен қатынайтын пойыздардың бағыттарын кезең-кезеңімен кеңейту жоспарланып отыр.
– Қараша айының соңына дейін жаңа вагондар Астана – Атырау бағытына шығуы мүмкін. Ал жыл соңына қарай, шамамен желтоқсанның ортасында пойыздардың жаңа қозғалыс кестесі енгізілген кезде, «Нұрлы жол» вокзалынан Жезқазған арқылы Қызылордаға қатынайтын пойызды да іске қосуды жоспарлап отырмыз, - деді Әнуар Ахметжанов.
Бұдан бөлек, 13 қарашада Stadler вагондарынан жасақталған пойыз «Нұрлы жол – Семей» бағыты бойынша алғашқы сапарына аттанады.
Жалпы, бүгінде «Жолаушылар тасымалы» АҚ 100-ден астам Stadler вагонын қабылдаған. Келісімшартқа сәйкес, 2030 жылдың соңына дейін Қазақстанда шығарылған 557 жолаушылар вагоны кезең-кезеңімен жеткізіледі. Олардың қызмет ету мерзімі 40 жылды құрайды. Сондай-ақ келісімшарт аясында вагондарға 20 жыл бойы техникалық қызмет көрсету көзделген.
Айта кетейік, 11 қарашада Қазақстанда шығарылған Stadler вагондарынан жасақталған алғашқы жолаушылар пойызы Астана – Алматы бағытына жолға шыққаны хабарланды.