«Астана-Атырау» бағытында жаңа жүрдек пойыз қатынай бастайды

АСТАНА. 15 тамыз. ҚазАқпарат - 22 тамыз күні елордадан «Астана-Атырау» бағытындағы №19/20 «Атырау» жүрдек пойызы алғашқы сапарына шығады.

Бұл туралы «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметінен хабарлады.

Жаңа жүрдек пойыз «Тұлпар-Тальго» вагондарынан құралған.

Компания ақпаратына қарағанда, жаңа пойыздың қатынау мерзімділігі 4 күнде бір рет. Астанадан Атырауға дейінгі барар жол 22 сағат 57 минутты, Атыраудан Астанаға дейінгі уақыт 22 сағат 15 минутты құрайды. Пойыздың жаңа құрамы 27 вагоннан тұрады, оның 22-сі - жолаушылар вагоны, 2-еуі - «Гранд» санатты (екі орындық люкс), 2-еуі - «Бизнес» санатты (екі орындық) және «Турист» санатты (төрт орындық) 18-і - жолаушы вагоны сондай-ақ, 3 техникалық, 1 вагон-бар мен 1 мейрамхана вагоны бар. «Гранд» санатты вагонда мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған бір купе қарастырылған.

Вагондар «Жолаушылар тасымалы» АҚ жылжымалы құрамының техникалық-ресурсын жаңарту және арттыру бағдарламасын жүзеге асыру аясында сатып алынған, 2014 жылға дейін тағы 420 жолаушылар вагоны сатып алынатын болады.

Еске сала кетейік, бүгінгі таңда «Тұлпар-Тальго» вагондарынан құрастырылған жүрдек пойыздар 5 маршрут бойынша: 2001-2003 жылдардан бастап «Алматы-Астана» бағытындағы №1/2, «Алматы-Шымкент» бағытындағы №25/26 пойыздары, 2012 жылдан бастап «Алматы-2- Петропавл» бағытындағы №151/152 және «Ақтөбе-Астана» бағытындағы №88/87 пойыздары қатынайды. Үстіміздегі жылдың маусым айынан бастап, «Алматы-2 - Атырау» бағытындағы №77/78 жүрдек пойызы жолаушылар тасымалдауда.

Жалпы Қазақстан Республикасының көлік инфрақұрылымын дамыту бағдарламасын жүзеге асыру ауқымында 2015 жылға дейін «Тұлпар-Тальго» зауытының өнімдерінен жасақталған «Астана-Қызылорда», «Алматы-Ақтөбе» (2014 жыл); «Астана-Защита», «Алматы-Защита» (2015 жыл) жүрдек маршруттарын іске қосу жоспарланып отыр.