Астана аудандарының 12 аумағына су басу қаупі төніп тұр - Елорда әкімдігі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласында нөсер жауын салдарынан 12 аумақты су басу қаупі төнді. Бүгінгі таңда қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс атқаруда.

Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Астана қаласының Коммуналдық шаруашылық басқармасы инфрақұрылым бөлімінің жетекшісі Жасұлан Байжановтың хабарлауынша, су басу қаупі төнген 12 аумақ: «Есіл» ауданы бойынша су басқан аумақтар - Тұран даңғылы бойындағы №23, 27 көшелердің қиылысында, Достық көшесінде Орынбор және Қонаев көшелерінің қиылысында; «Алматы» ауданы бойынша - Шарль де Голль, Гастелло көшелерінде, Момышұлы даңғылында, Абай даңғылында («Рамада» қонақ үйі ауданы), Пушкин көшесінде (Университет аумағы), Иманов және Ғабдуллин көшелерінің қиылысында, Уәлиханов көшесінде, Кравцов көшесінің қиылысында; «Сарыарқа» ауданы бойынша - 188-көшеде, көпқабатты мемлекеттік бағдарлама бойынша салынған тұрғын үйлер аумағында орналасқан.

«Алматы» ауданында - 1 үй, «Сарыарқа» ауданында - 27 үйді су басқан. «Көксеңгір көшесі, 29» мекенжайы бойынша орналасқан жекеменшік үйден екі адам «Жігер» қонақ үйіне көшірілді.

Еске сала кетейік, Қазгидрометтің мәліметінше, елордада 38,5 мм жауын жауған. «Астана Тазалық» ЖШС 16 мамырда 6469 м3, 17 мамырда 8409 м3 су сорды.