Тамыздағы тұрақты жүк ағынының негізгі бөлігін күнделікті тұтыну тауарлары, курьерлік қызметтердің жедел жөнелтілімдері, жоғары технологиялық жабдықтар, қосалқы бөлшектер, фармацевтикалық өнімдер мен пошта жөнелтілімдері құрады.
Сонымен қатар әуежай мамандары арнайы чартерлік рейстерді, температуралық режимді қажет ететін жүктерді, тірі жануарларды және электрондық коммерция тауарларын өңдеді.
Атап айтқанда, жүк терминалы жалпы салмағы 94 тонна премиум санаттағы ірімшік өнімдері тиелген екі арнайы чартерлік рейсті қабылдады. Мұндай өнімдерді тасымалдау кезінде әуе кемесінен түсірген сәттен бастап алушыға тапсырғанға дейін белгіленген температуралық режим қатаң сақталуы тиіс.
– Жүк терминалы үшін күрделі операциялардың бірі жалпы салмағы 95 тонна ірі қара мал тиелген арнайы рейсті өңдеу болды. Тірі жануарларды тасымалдау кезінде терминал мамандары AVI санатындағы жүктермен жұмыс істеуге қойылатын талаптар мен халықаралық стандарттардың сақталуын қамтамасыз етті, – делінген хабарламада.
Әуежай жүк терминалы жұмысының маңызды бағыттарының бірі – транзиттік тасымалды және «авто – авиа» мультимодальды логистикалық схемасын дамыту.
Тамыз айында терминал электрондық коммерция тауарлары тиелген 15 транзиттік жүк көлігіне қызмет көрсетті. Жалпы көлемі шамамен 168 тонна e-commerce жүгі автокөлікпен жеткізіліп, Астана әуежайында өңделгеннен кейін Еуропаға әуе көлігімен жөнелтуге дайындалды.
Тұрақты жүк тасымалы көлемінің артуы мен транзиттік бағыттың дамуы әуежайдың жалпы жүк айналымының өсуіне ықпал етіп отыр.
2026 жылдың қаңтар-тамыз айларында Астана халықаралық әуежайында өңделген жүк пен пошта көлемі 10,4 мың тоннаға жетті. Бұл 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20%-ға жоғары.
Айта кетейік, Астана әуежайының жылдар бойы жабылмаған шығыны 36 млрд теңге болды.