Астана әуежайында өрт дабылы жүйесіне профилактикалық жұмыстар жүргізіледі

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Астана халықаралық әуежайының T2 ғимаратында автоматты өрт дабылы жүйесіне жоспарлы профилактикалық жұмыстар жүргізіледі, деп хабарлайды Астана халықаралық әуежайы.

Фото: АХӘ

Әуежай әкімшілігінің мәліметінше, жұмыстар аясында өрт дабылы датчиктері тазартылып, техникалық қызмет көрсетіледі.

– Жоспарлы жұмыстар 13:00-ден 17:00-ге дейін жүргізіледі. Осы уақыт аралығында автоматты өрт дабылы жүйесі қысқа мерзімді іске қосылуы мүмкін, – делінген хабарламада.

Әуежай әкімшілігі жолаушылардан, қызметкерлерден және жалға алушылардан жүргізіліп жатқан жұмыстарға түсіністікпен қарап, аталған ақпаратты ескеруді сұрады.

– Уақытша қолайсыздықтар үшін кешірім сұраймыз, – деп хабарлады әуежай әкімшілігі.

Айта кетейік, Астана әуежайында автотұрақ тарифі өседі.