Еске салсақ, 1 тамызда SCAT компаниясы Boeing 737 ұшағының фюзеляжына зақым келді, соның салдарынан әуе компаниясы 20 рейстің кестесін өзгертуге мәжбүр болды. 8 тамызда тасымалдаушының тағы бір ұшағы дауыл мен бұршақтан зақымданған.
SCAT әуе компаниясының коммерциялық директоры Николай Буряков бір ұшақ 3 күн, ал екіншісі 10 күн бойы тұрып қалғанын айтты.
«Қазір ұшақтардың барлығы жөнделді. Олар жолаушылар тасымалдауда қауіпсіз деп айта аламыз. Ұшақтарға жаңа бөлшектер салынды. Қазір олар әуе рейстерін орындап жатыр», - деді ол.
Сонымен қатар, 5 тамыз күні Астана әуежайының операторы FlyArystan ұшақтарының бірінен ақау шығып, салдарынан ұшақтың бірнеше күн бойы мәжбүрлі тұраққа қойылғанын хабарлады. Әуежай баспалдақтарын дұрыс қолданбаудың салдарынан ұшақтың артқы кіреберіс есігі зақымданғаны белгілі болды.
Кейіннен Air Astana әуекомпаниясы төрт ұшақтың зақымданғанын, рейстер кешігетінін мәлімдеді.
Бұл ретте, Air Astana компаниясының вице-президенті Александр Небога әуе сапарына шығатын барлық ұшақ техникалық тексеруден өткенін атап өтті.
«Техникалық тұрғыда кемшілігі бар ешбір ұшақ ұшпайды. Сондықтан бұршақ салдарынан зақымдалған ұшақтар қалпына келтірілді, барлығы әуе рейстерін орындап жатыр. Кейбіреулері 2 күн, ал қалғандары 4 күн жөнделді. Осының өзінде кейбір қиындықтар болды, яғни рейстер кешікті. Атап айтқанда, қауіпсіздік мәселесін бірінші орынға қойып отырмыз», - деді компания өкілі.
Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев жаз айларында рейстердің кешігуі деректеріне қатысты түсінік берді.