Әуежайдың мәліметінше, қаржылық жағдайды жақсарту үшін кәсіпорында дағдарысқа қарсы бағдарлама іске асырылып жатыр. Оның аясында тарифтердің экономикалық негізі қайта бағаланып, операциялық шығындарды азайту және ішкі резервтерді пайдалану көзделген.
2026 жылдың алғашқы жеті айында әуежайдың негізгі өндірістік көрсеткіштері өскен. Қаңтар-шілде аралығында әуежай 5,4 млн жолаушыға қызмет көрсеткен. Бұл былтырғы осы кезеңдегі 5,3 млн жолаушымен салыстырғанда 1,3% көп.
— Ішкі рейстер саны 24 мыңнан 25 мыңнан астамға, халықаралық рейстер 12 мыңнан 12,4 мыңға дейін артқан. Ал жүк пен пошта өңдеу көлемі 7,4 мың тоннадан 8,9 мың тоннаға дейін өсіп, 20%-дан астам көбейген. Әуежайдың авиациялық емес қызметтерден түсетін кірісі де артқан. 2026 жылдың қаңтар-маусым айларында бұл көрсеткіш 7,2 млрд теңге болды. Бір жыл бұрын ол 5,8 млрд теңге болған. Өсім — 24%, — деп хабарлады әуежайдың баспасөз қызметі.
Алайда осы жылдың алғашқы жартысында әуежай жұмысына бірқатар фактор кесірін тигізген. Атап айтқанда, күндіз ұшу-қону жолағын шектей отырып жүргізілген жөндеу жұмыстары, авиациялық керосин бағасының өсуі және Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты халықаралық рейстердің тоқтатылуы салдарынан шамамен 1,1 мың рейс орындалмаған.
Әуежай басшылығы мен Астана әкімдігі жыл соңына дейін қаржылық және операциялық көрсеткіштерді жақсарту жұмыстарын жалғастыратынын мәлімдеді. Негізгі бағыттар қатарында тариф саясатын жетілдіру, қызметтердің табыстылығын арттыру, операциялық процестерді оңтайландыру және шығындарды азайту бар.
Еске салайық, бұған дейін Астана әуежайының мүмкіндігі қаншалықты артқаны туралы жазғанбыз.