Басқарма төрағасының айтуынша, Астана халықаралық әуежайының жолаушылар ағыны жыл сайын шамамен 11-12 пайызға артып келеді. Мәселен, егер 2010 жылы жолаушылар ағыны 1 млн. 600 мың адамға дейін жетсе, 2014 жылы бұл жүктеме 3 млн.-дық межені еңсерген. Осы ретте Қайрат Жауханов жолаушылар көлемінің артуына ең бірінші кезекте авиакомпаниялардың жаңа бағыттарды ашуы себеп болғанын айтады. Ұшу бағыттарының жиілігі де бұл көрсеткішке оң серпін беріп отыр. Төрағаның сөзіне қарағанда, қазіргі күні Астана әуежайында жолаушыларды қабылдау жайлылығы бағытында жұмыстар атқарылуда. Мәселен, терминалда жолаушыларды күту аймағы кеңейтілген, кезектердің өту тәртібін оңайлату үшін арнайы ленталар орнатылған.
«Бүгінгі таңда Астана халықаралық әуежайы Қазақстанда жолаушыларға қызмет көрсету саны бойынша екінші орын алады. Әуежай 16 авиакомпанияға қызмет көрсетеді. Аталмыш компаниялар ішкі 15 және 19 халықаралық бағыт бойынша рейстерді орындап жатыр», - дейді Қайрат Жауханов.