«Биыл негізгі басымдық қызмет көрсетудің халықаралық стандарттарына өтуге бағытталады. Яғни, қызмет көрсету саласы жоғарылайды деген сөз. Қазір біз Астана әуежайына жолаушыларға жерде де, әуеде де сапалы қызмет көрсете алатын халықаралық көшбасшы компаниялармен келіссөздер жүргізіп жатырмыз», - деді А.Мұратбаев.
Оның айтуынша, осы ретте ұшақ бортындағы тамақтандыруға да көңіл бөлінбек.
«Біз бортта тамақтандыру саласындағы әлемдік көшбасшы компаниялардың бірін Астана әуежайында қызмет көрсетуге шақырдық. Биыл әуежай маңында борт тағамдарын әзірлейтін цех іске қосылады. Ал әуежай ішіндегі қызмет көрсетуге келер болсақ, бұл ретте де біраз өзгерістер болады. Нақтырақ айтсақ, қызмет көрсету саласы коммерцияландырылып, кез келген экономикалық қызметтің қатысушыларына, әсіресе жолаушыларға қызмет көрсететіндерге әуежайдың қоятын талаптары күшейтіледі. Бұл талаптардың барлығы жолаушыларды көңілін табуға арналатын болады», - деп түйді ол.
Айта кетейік, AMG компаниясы Қазақстан әуежайларын оңтайландыру мақсатында және ғаламдық индустрияландыруға қатысу үшін әуе активтерін басқару мақсатында қызмет етеді. Бүгінде Қазақстанның 6 әуежайының акциялар пакеті осы компанияға басқаруға берілген. Басқарушы компания өз «шаңырағына» барлығы 11 әуежайды біріктіруді жоспарлап отыр.