Астана әуежайы жаңа терминалының құрылысы 2017 жылдың наурызында аяқталады - Қасымбек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана әуежайы жаңа терминалының құрылысы 2017 жылдың наурызында аяқталады. Бұл туралы бүгін ҚР Үкіметі отырысында еліміздің Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2015 жылдың қаңтарында «Нұрлы жол» бағдарламасын орындау аясында «Астана қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту мен жаңа терминалдың құрылысы» жобалары басталды. Жоба бойынша жаңа терминалдың, ВИП терминалдың, жаңа тұрақ орындары, инженерлік инфрақұрылым құрылыстары мен перронды қайта жаңғырту және сол аумақты абаттандыру жүзеге асырылады», - деді министр.

Оның айтуынша,  жоба құны 60,2 млрд. теңгені құрайды. Биыл Ұлттық қордан 10 млрд. теңге шамасында қаржы бөлінді. Ол қаражат толық көлемде игерілді. Бүгінгі таңда ғимараттың темір бетонды және болат қаңқасын тұрғызу жұмыстары аяқталды. Қасбетін, шатырын, су өткізу желісін, жылу, электрмен жабдықтау және коммуникациялық байланыс желілерін орнату жұмыстары атқарылуда.  Ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр және багажды өңдеу автоматты құрылғы жүйесін монтаждау жұмыстары басталды.

«Орындалған жалпы жұмыс көлемі - 58 пайыз. Құрылыстың толығымен аяқталуы 2017 жылдың наурыз айына жоспарланып отыр», - деді Ж.Қасымбек.