АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда әуе айлағы өзінің тарихында тұңғыш рет бір жылдың ішінде алты миллион жолаушыға қызмет көрсетті. Бұл – рекорд көрсеткіш, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бүгін Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайына Ақтау қаласынан кезекті рейс ұшып келді.
Аталған рейстің жолаушыларын аэропорт өкілдері салтанатты түрде қарсы алып, лототрон көмегімен жеңімпазды анықтады.
Жолаушының есімі - Танзиля Жолдыбаева. Ақтау қаласының тұрғыны.
Алты миллионыншы жолаушыға Air Astana компаниясы әуежай әкімшілігімен бірлесіп елордадан кез келген халықаралық бағыт бойынша екі билет табыс етті.
Іс-шараға «Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Дәулет Хамзин, Азаматтық авиация комитетінің төрағасы Талғат Ластаев және «Қазақстанның авиация әкімшілігі» АҚ бас директорының орынбасары Салтанат Томпиева қатысты.
Жанат Қапалбаева
М.Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін бітірген.
Еңбек жолын аймақтық басылымдардан бастаған.
Төрт тіл біледі, кәсіби аудармашы.
2018 жылдан бері – Kazinform шығарушы редакторы.
ҚР Журналистер одағының мүшесі.