Астана әуежайына Елбасының есімін беру өте дұрыс шешім - Қасым-Жомарт Тоқаев

АСТАНА. ҚазАқпарат -ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев Твиттердегі парақшасында Астана әуежайын Елбасының есімімен атауға қатысты пікір қалдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Астана әуежайы біздің мемлекетіміздің негізін қалаушы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құрметіне аталды. Өте дұрыс шешім», - деп жазады Сенат спикері парақшасында.

Еске сала кетейік,  бүгін Үкіметтің Қазақстан Республикасының аумағындағы әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру туралы қаулысына өзгерістер енгізілген болатын. Онда аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, ғылым, мәдениет қайраткерлерінің және Қазақстан Республикасы  мен әлемдік қоғамдастық алдында еңбек сіңірген басқа да адамдардың есімдерін беру мәселесі қарастырылады. «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінде жарияланған қаулыға сәйкес, Астана халықаралық әуежайы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен аталатын болды.

Тоқтала кететін жайт, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы декларациясында Елбасының есімін маңызды нысандарда көрсету ұсынылған болатын. Декларацияда : «Ел Конституциясында Тұңғыш Президент - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың біздің мемлекетімізді құрудағы бірегей үлесін атап өтуді, Елбасының есімін елорданың атауында және еліміздің басқа да маңызды нысандарында  көрсетуді ұсынамыз. Біздің тұтас мақсатымыз - Елбасы төңірегіне топтасып, ең қымбат қазынамыз - тәуелсіз Қазақстанды көзіміздің қарашығындай сақтап және ұрпақтарымызға аманаттап, «Мәңгілік Ел» құндылықтарын қастерлеу», - делінген.