Астана әуежайында ірі көлемде шетелдік валюта алып өтпек болған азаматша ұсталды

АСТАНА. 10 қаңтар. ҚазАқпарат - Астана қаласы бойынша Кедендік бақылау департаментінің қызметкерлері елорданың халықаралық әуежайынан «Астана - Франкфурт» халықаралық рейсіне кедендік бақылау жүргізу кезінде С.Е. деген Қазақстан Республикасының азаматшасын ұстады.

Астана қалалық Кедендік бақылау департаменті баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, кедендік рәсімдеу кезінде аталмыш азаматша өзінде 12 мың АҚШ доллары сомасында шетел валютасы бар екендігін айтқан. Алайда тексерген кезде 20 мың 300 еуро, 1 мың 354 АҚШ доллары, 5 Қытай юані мен 40 мың 400 теңге сомасындағы шетел және ұлттық валюта бары анықталды.

Аталмыш азаматшаға қатысты ҚР ҚК-нің 209-бабы 1-бөліміне (экономикалық контрабанда) сәйкес қылмыстық іс қозғалды.