Көлік, жүк және азаматтардан радиацияның бар-жоғын бақылайтын порталды мониторлар ядролық материалдардың заңсыз таралуына жол бермеу мақсатында АҚШ, Норвегия Корольдігі, Оңтүстік Корея, Жаңа Зеландия елдерінің Қазақстандағы елшіліктерінің қаржысына сатып алынды.
«Бүкіл ТМД кеңістігінде қолданылатын аталмыш құрылғы Ресей аумағында жасалған. Ол мемлекеттің радиациялық қауіпсіздігін сақтауға септігін тигізеді. Халықаралық келісімдердің талабы бойынша да ядролық материалдардың әлемдік деңгейде заңсыз әрі бейберекет тасымалдануына тосқауыл болады», - дейді ҚР Қаржы министрлігі Кедендік бақылау комитеті төрағасының орынбасары Игорь Тен.
АҚШ-тың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Кеннет Фэйрфакстың атап өткеніндей, бірлескен бағдарлама келісімдері негізінде Қазақстанда өзге елдердің қаржысына 24 құрылғы сатып алынған.
«Біз Қазақстанмен бірге ядролық заттар мен материалдарды таратпау саласында 20 жылдан астам уақыттан бері ынтымақтаса жұмыс істеп келеміз. Осы орайда аталмыш тақырып бойынша Қазақстан біздің ең қуатты, ең сенімді серіктесіміз. Әлемнің барлық елдері ядролық материалдардың заңсыз тасымалдануына тосқауыл қоюлары тиіс. Яғни, осындай арнайы құрылғылар орнату бір елдің мәселесі емес», - дейді Кеннет Фэйрфакс.
Кедендік бақылау комитетінің мәліметтері бойынша, биыл Кедендік одақтың сыртқы шекара бекеттерінде радиациялық материалдарды заңсыз тасымалдаудың 38 фактісі анықталған. Кедендік шекара бекеттерін жабдықтау республикалық бюджеттен де жүргізіледі. Бүгінгі уақытта 27 радиациялық бақылау құрылғысы орнатылған.