Жөндеу жұмыстары 15 шілдеде басталып, 8 тамызда аяқтау жоспарланған. Оған 30-дан астам жұмысшы жұмылдырылды. Ұшу-қону жолағының 3 мыңнан астам шаршы метріне ыстық асфальт-бетон қоспасы құйылды. Сондай-ақ, жолақтағы таңбалау жұмыстарының тең жартысы аяқталды.
Ұшу-қону жолағын жөндеу кезінде жарықтандыру құрылғыларын ауыстыру да жоспарланған. Қону аймағындағы 23 дана тереңдік шамдары мен орталық сызық шамдары ауыстырылды.
Жөндеу жұмыстарына байланысты сағат 11:00 мен 18:00 аралығында ұшу-қону жолағы жабық. Осыған орай, ішкі және халықаралық рейстер кестесіне өзгеріс енді. Дегенмен, рейстердің орындалуына еш кедіргі келтірілген жоқ. Жөндеу жұмыстары басталғалы 685 ішкі және 385 халықаралық рейс орындалды.
«Жолаушылардың қауіпсіз ұшуы мен қонуын қамтамасыз ету мақсатында басталған ағымдағы жөндеу жұмысы сапалы жүріп жатыр. Жөндеудің уақтылы аяқталуы біздің жіті бақылауымызда. Астана халықаралық әуежайы – тек еліміздегі емес, Орталық Азиядағы ең ірі әуежайлардың бірі. Сондықтан, мұнда ішкі және халықаралық рейстердің саны көп. Тиісінше ұшу-қону жолағы да уақтылы жөндеуді қажет етеді», - дейді «Астана халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Ерғазы Жолдасов.