Астана аумағындағы базарларда елеулі өзгеріс болады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Нұрғали Егембердиев елорда аумағындағы базарларда Smart QR жобасы енгізіліп жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сауда және интеграция министрінің тапсырмасын орындау мақсатында 2025 жылға дейін базарларды жаңғырту жөніндегі жол картасын орындау бойынша жұмысты үйлестіріп жатырмыз. Астана қаласы аумағында жобаның жалпы сомасы 29,4 млрд құрайтын 3 базар жаңғыртудан өтеді. Бұл ретте, «Шанхай», «Алтай», «Ұлжан» базарлары қамтылып, оларды жаңарту жұмыстары 2025 жылдың соңына дейін жалғасады», - деді Н. Егембердиев Астана қаласының коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.

Сонымен қатар ол елордада 9 арнайы базар бар екенін, оның ішінде «Алаш» базары қазіргі заманғы сауда форматының нысанына айналғанын айтты. Қалған 8 базар 3-5 жыл аралығында заманауи сауда форматына көшеді. Соның арасында «Он-Олжа», «Мереке-Магнит», «Эталон», «Шарын», «Сапа», сондай-ақ, Көкталдағы базар қамтылады. Атап айтқанда, «Шарын» базарында екі кезеңнен тұратын жаңғырту жұмыстары ұйымдастырылады және оны аяқтау мерзімі 2024 жылға белгіленген.

«2023 жылғы 30 наурыздағы №32162 ақпараттық жүйеде тіркеу қағидаларына сәйкес, сауда базарларын Smart QR жобасына қосу бойынша ауқымды жұмыс іске асырылып жатыр. Қазіргі кезде жүйеге «Астаналық базар» және «Әсем» базарлары қосылған. Сауда қызметінің қалған субъектілерін қосу бойынша жұмыс жалғасып жатыр. Бұл жоба тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін іске қосылып жатыр. Осы орайда базарға қатысты мәліметтің барлығы Smart QR жүйесіне енгізілген»,- деді Н.Егембердиев

Мұнымен қоса ол Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті Астана қаласының әкімдігімен бірлесіп, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына 15% сауда үстемесінен асыруға жол бермеу бағытында бағаны реттеу іс-шараларын тұрақты түрде өткізетінін айтты. Сәуір айынан бастап сауда үстемесіне қатысты талаптарды орындамаудың 23 фактісі анықталды. Олар бойынша әкімшілік іс қозғалып, «ескерту» түріндегі жауапкершілікке тартылды.