Астана автобустарында жеңілдікке ие болатындар саны артты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астананың қоғамдық көліктерінде жеңілдікке ие тұрғындар саны 5 мыңнан 40 мыңға жуыққа артты. Бұл туралы елорда әкімі Бақыт Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Биыл жергілікті бюджет есебінен 3 млрд теңге бөлінді. Ол келесі мақсаттарға жұмсалады. Ендігі уақытта көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың оқушы және студент балалары қоғамдық көлік жеңілдігін алатындар санатына енгізілді. Осыған орай, қоғамдық көлік жеңілдігі берілетін қолданушылар санын 5154-тен 35905-ке арттыруды жоспарлап отырмыз. Бұл дегеніміз аталған жеңілдікті алушылар саны 7 есеге артады деген сөз», - деді елорда әкімі «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінің қорытындысы бойынша қалалық партия активімен өткен кездесуде.

Сондай-ақ, қала басшысы үстіміздегі жылы 31 901 оқушы тегін тамақпен қамтамасыз етілетінін айта келе, бұл мақсатқа 970 млн теңге қарастырылғанын жеткізді.

«Тағы бір маңызды әлеуметтік қолдаудың бірі - мектеп оқушылары үшін сауықтыру орындарына берілетін квота санын 1 мың орынға дейін арттырып отырмыз. Сол сияқты аз қамтылған және көпбалалы отбасыдан шыққан 31901 баланы мектеп формасы және құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету үшін бюджеттен қосымша 638 млн теңге қаражат бөлінді», - деді Б.Сұлтанов.

Оның айтуынша, биыл елордалықтардың әлеуетін көтеруге 150 млрд теңге бөлінді. Бұл, бюджет көлемінің 35% құрайды. Одан бөлек, жергілікті бюджет есебінен мұқтаж азаматтарды қолдау үшін қосымша 3 млрд теңгеден астам қаражат бөлу көзделіп отыр.