Астана аялдамаларында жаяу жүргіншілерге арналған арнайы паннолар пайда болды (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының полицейлері «Назар аударыңыз - жаяу жүргінші!» республикалық шарасының аясында қалалық әкімдіктің қолдауымен аялдама павильондарында ақпараттық панноларды орнатты. Бұл туралы елордалық ІІД әкімшілік полициясы басқармасының баспасөз қызметінен хабарлады.

«Жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жарақаттанудың алдын алу мақсатында біз Астананың 11 аялдама кешенінде жол қозғалысы ережелерін үйрететін ақпараттық панноларды орнатып, олардың назарын осылайша аудартуды шештік. Олар балалар болсын, ересектер болсын - аялдамада көлік күту кезінде оқуына арналған», - деп хабарлады Астана қалалық ІІД ӘПБ-ның ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Лариса Красникова.

Ол қалалық автобустардың экрандарында сондай-ақ жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша бейнебаяндар көрсетіліп жүргенін атап өтті. Бұл жаяу жүргіншілердің астаналық көшелерде жол жүру ережелерін сақтауына септігін тигізеді.

Астана қалалық ІІД ӘПБ-нің мәліметтерінше, қалада 4 айдың ішінде 200-ден астам апат тіркеліп, соның салдарынан 200-ден астам адам жарақат алды. Жаяу жүргіншілердің қатысуымен болған оқиғалардың салдарынан 2 адам қаза тауып, тағы 43-і түрлі дене жарақаттарын алған 44 көлік апаты болды.

Елорданың жол-патрульдік полицейлері биылғы жылы жаяу жүргіншілердің жол-көлік ережелерін бұзуының 9,5 мыңнан астам фактісін анықтаған. Күн сайын жол-патрульдік полицияның инспекторлары жаяу жүргіншілер тарапынан болатын 60-тан 80-ге дейін ереже бұзушылықтарды анықтауда.