«Біздің жақта қыс ұзақ» деп, Оралхан жазушы айтпақшы, Астанада аяз қатты, қыс ұзақ! Қысы жайсыз кездері арқар ауар Арқада «кәрі құданың» мінезі қиын. Қарашада, кейде қазанның аяғын ала түскен қардың «жүзі жылымастан», жүз күн, жүз отыз күндеп жатады. Алты ай қыстың аттай екі жүз қырық бес күні - ақ қар, көк мұз. Қаңтарда ақшұнақ аязға қосылып, солтүстік шығыстан соғатын ақтүтек бораны бар бар. Бұл өңірде қыстың күні орташа температура -170С. Ана бір жылы -520С-қа дейін төмендепті. Сарыарқаның сақылдаған сары аязы сырын білмегенді «сыртынан жүргізбейді». Аязына қоса, бораны бет қаратпай қарығанда, «осыдан алдағы жазда көлеңке іздеп сабылған адам көрсем, қуалап жүріп сабармын» дерсің. Көктем туып, Самарқанда көк тасы әне-міне ериді-ау деген уақытта, наурыз айында Есілдің жағасында үскірік жел секундына бес метр жылдамдықпен соғатынын қайтерсің. Қойшы, әйтеуір, сәуір туып, тәуір болғанша түске дейін - киіз, түстен кейін - мүйіз, Астананың аумағы алақар.
Қазақ осындай аймаққа егемендік алған соң елдің ордасы болар астана салмай ма! Елорда болған соң, Есілдің екі бойына ел қонбай ма? Қонған соң, қыстың күні тоңбай ма? Қаланың басшысы бар, қосшысы бар, жұртшылықты жауратып қойып қарап отыра ма, жаздан бастап барын салады. Бұл о бастан бар әдет. Биыл да солай. Жылу маусымы қазан айында басталады. Ай туа, жылу жүйелерінің кейбір желілері іске қосылып та кетеді. Құс қанатының көлеңкесінен тоңатын бөбектерге - балабақшаны, ыстық-суығың бәрібір балаларға - мектепті және дертіне шипа іздеп келген науқасқа емхана атаулыны қыз-қыз қайнатып қою - міндет. Мұны елорда басшысы әкімшілік-аумақтық бөлініс аймағына, яғни Алматы, Есіл жән Сарыарқа аудандарының жауапты мамандарына айрықша тапсырды.
Алматы ауданының аумағындағы 871 тұрғын үй, 45 мектеп пен балабақша және 14 денсаулық сақтау нысандары мен мәдени нысандар отын-суын түгел дерлік дайындап қойды. Мұнда инженерлік-коммуналдық желілер ғана емес, көп қабатты үйлер мен қоғамдық-көпшілік ғимараттардың шатыры мен кіреберісінің кем-кетігін түгендеп, есік-терезелердің ашық-тесігін бүтіндеді. Сондай-ақ жертөлелер құрғатылған. Уақтында қолға алынбаған соң, пәтерлерде сары аязда ызыңдап жүрген сары маса көк суы көлкіген жертөленің «төлі» еді.
Бүгінде ауданда жаңа салынған үйлер бірінен соң бірі «балалап», көше бойлап, бой түзеп келеді. Көрерге көз қуанады. Алайда, оның сыртына қарап, сүйсінгенімен, коммуналдық қызмет мәселелері реттеле қоймаған екен. Оған басшылық барынша назар аударып, тиісті шараларды атқаруда. «Астана-Теплотранзит» АҚ құрылысшылардан жылу қуатын үнемдеуге арналған құралдарды орнатуды талап етті.
Ал құрылғанына екі жыл енді толған Есіл ауданының жөні бөлек. Мұндағы нысандардың бәрі жаңа. Сондықтан, жылу, су секілді тіршілікке қажетті арналарға назар аудармай болмайды. Әрі елордаға табаны жаңа тиген мейманның бет түзейтін жері - Есіл ауданы. Себебі мұнда әкімшілік-билік нысандары орын тепкен. Оның сыртында салынғаны бар, салынатыны бар, бірқатар қоғамдық-әлеуметтік нысандар да халықтың иігілігіне ұсынылды. Елорданың ғана емес, еліміздің мақтанышы - ТМД аумағында бұрын-соңды салынбаған Ұлттық медициналық холдинг те Есіл ауданында. Ана мен бала Ұлттық ғылыми орталығы, балалардың оңалту және диагностика орталығы мен нейрохирургия орталығы, балалар мен үлкендердің инфекциялық ауруханасы жұмыс істейді. Мұнда жаңа Қан орталығы беріліп, 360 төсектік көп салалы стационар және жаңа туған нәрестені күтіп-баптауға арналған арнайы жабдықталған қосымша бөлігі бар 150 орындық перзентхана мен 250 әйелге лайықталған әйелдер консультациясы, сондай-ақ 240 төсектік Жедел жәрдем ғылыми-зерттеу институты секілді денсаулық мекемелеріне жылу тиісті деңгейде берілмесе, дауа іздеген жандардың дауына қаласыз.
Астанадағы жалпы білім беретін 76 мекеменің бесеуі сол жақ жағалауда. № 45 орта мектеп, № 24 мектеп-балабақша, № 17 мектеп-гимназия, № 59 мектеп-лицей, Қазақстан Республикасы тұңғыш Президентінің физика-математика пәнін тереңдетіп оқытатын интеллектуалдық мектебі бар. Бәрін қосқанда 4 245 оқушы құлын-тайдай тебісіп, желкілдеп өсіп келеді.
Сонымен қатар, Қазақ Мемлекеттік заң университеті, Қазақстан - Ресей университеті мен инновациялық технология колледжінде төрт мыңнан аса студент оқиды.
Басқаларын айтпағанда, көп балалы 129 отбасы мен 1384 зейнеткер де Есілде тұрады. Барша тұрғын - 38 мың 470 адам. Сәт сайын қосылып жатқан үлескерлерді қосып қойыңыз.
Міне, осыншама жүктеме аудан басшыларының мойнында. Қыста халық жылусыз қалмасын деңіз, онда жаңасың ба, жассың ба, қарамайды, «көп қорқытады». Онсыз да былтырғы жылу беру маусымында «051» қызметіне көпқабатты тұрғын үйлерден жылуға қатысты 26 шағым түскен. Оның көбі дерлік мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы негізінде салынған үйлер екен. Амал не, мердігер құрылыс компаниялар жұмысына салғырт қараған және кейбір маңызды нысандарды аяқсыз қалдырған. Сондай-ақ жылу жүйесіне өз бетінше қосылған үйлердің жылу тасушы қондырғылары тиісті талапқа сай қосылмағандықтан, жылудың тұрақты келуі қиындап тұр.
Жалпы, аудан көлемінде көппәтерлі 126 тұрғын үй бар. 28 Пәтер иелері кооперативі жұмыс істейді. Олардың қарамағындағы көп пәтерлі 87 тұрғын үйдің 65-і - орталық жылу жүйесіне қосылған. Дербес жылу жүйесімен жұмыс істейтін 14 үй және басқалары бар.
Бұлардан бөлек, бірнеше мәдени-ойын-сауық нысандары да жылуды өзгелермен бірдей қажетсінеді. Болашақта олардың қатарына 3 500 орындық Концерт залы, «Хан шатыр» мен аттай 30 мың адамға арналған супер стадионды жылыту анау-мынау ауылыңның бір емес, бірнеше жылдық отын қоры мен жұмыс күшін талап етеді. Алдымызда келе жатқан Қысқы Азия ойындарына лайықтап, болашақта өз игілігімізді көздеп салып жатқан коньки стадионы секілді басқа да бірнеше спорттық нысандар бар.
«Астана-Теплотранзит» АҚ өткен қыста Сарыарқа ауданындағы тұрғын үйі бар, басқасы бар, бірқатар нысандар өздеріне жасалған ескертуді биыл қайталамасқа бел буды. Кешегі аязда қатаң ескерту алған 73 тұрғын үйдің 64-інде жылу жүйелері едел-жедел, бірақ сапалы атқарылып жатыр. Бір-екі күнде тәмамдалып қалар. Ал өзге үйлерді салған компаниялар банкротқа ұшырағандықтан, оларға өзге мекемелерден автоматтандырылған жылу жүйесін кезекпен тарту жоспарланды.
Сарыарқада білім және денсаулық мекемелері түгелдей жылуды қазір берсе де әзір. Аудандағы 833 тұрғын үйдің 654-і «жылу дайын болса, біз дайын» деп, сыңғырлап тұр. 58 жертөлеге инженерлік жөндеу жасалып, су құбырлары, кәріздер мен ыстық-суық су құбырларының бөлігін және жылу радиаторларын ауыстыру былайғы адамға байқалмағанмен, бірталай жұмыс. Қыста қар түскенде адамдарға қиындық тумасын деп, ПИК-тер кей үйдің шатырын ауыстырып, биік үйлердің кіреберісіне есік орнатты.
Сонымен, Астанадағы қыс қарсаңындағы шаруалар осылайша ретімен атқарылып жатыр. Демек, алты ай қыста арқамызды аяз, көңілімізді қаяу қарымайтын болды.