Іс-шараны Astana Tourism туризмді дамыту орталығы Қазақстанның Әзербайжандағы елшілігі және Әзербайжанның медициналық әрі термалды туризмді қолдау қауымдастығының қолдауымен ұйымдастырды.
Қазақстанның Әзербайжандағы елшісі Әлім Байел роуд-шоудың екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтудағы маңызын атап өтті.
— «Роуд-шоу Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы денсаулық сақтау және медициналық туризм саласындағы ынтымақтастықты күшейтетін маңызды алаңға айналды. Оның басты мақсаты — Қазақстан астанасының заманауи медициналық қызметтерін халықаралық нарықта таныту, екі елдің клиникалары мен туристік компаниялары арасындағы серіктестікті дамыту және шетелдік пациенттерді Астанаға ем алуға тарту», — деді ол.
Іс-шара барысында елордадағы жетекші медициналық ұйымдар өз жетістіктерін таныстырып, диагностика мен емдеудің озық тәсілдерін ұсынды.
Сондай-ақ Астана медицинасының жоғары технологиялық мүмкіндіктері көрсетілді.
Бүгінде Астана Орталық Азиядағы медициналық туризмнің жетекші орталықтарының бірі ретіндегі позициясын нығайтып келеді.
Қалада халықаралық Joint Commission International (JCI) стандарттары бойынша аккредиттелген 9 медициналық ұйым жұмыс істейді.
Бұл көрсеткіш медициналық қызмет сапасы мен қауіпсіздігінің жоғары деңгейін айғақтайды.
Іс-шара қатысушыларының ерекше қызығушылығын нейрохирургия, онкологиялық ауруларды емдеу, балаларды оңалту, репродуктивті медицина және эстетикалық хирургия бағыттары тудырды.
Аталған салалар әзербайжандық пациенттер арасында сұранысқа ие бағыттардың қатарында.
Астана делегациясының құрамына балаларды оңалтудың ұлттық орталығы, нейрохирургия ұлттық орталығы, ұлттық ғылыми онкология орталығы, Ecomed клиникасы және Tulip Medicine өкілдері кірді.
Олар өз мүмкіндіктерін таныстырып, әзербайжандық әріптестерімен бірлескен жұмыстың перспективаларын талқылады.
Роуд-шоу бағдарламасына медициналық ұйымдардың таныстырылымдары, B2B кездесулер және ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қою рәсімі енді.
Іс-шараның жалғасы ретінде 17 маусымда Citomed клиникасы базасында Баку тұрғындары үшін тегін алғашқы консультациялар ұйымдастырылды.
Астанадан барған жетекші мамандар пациенттерді қабылдап, диагностика мен емдеу мәселелері бойынша кәсіби кеңес берді.
Сарапшылардың пікірінше, Бакудегі бұл роуд-шоу Астананың медициналық туризм стратегиясын іске асырудағы маңызды қадам болды.
Бұл бастама Қазақстан мен Әзербайжан арасындағы ынтымақтастықты кеңейтіп, өңір тұрғындарының заманауи медициналық технологияларға қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Осыған дейін Қазақстан мен Әзербайжан бірлескен туроператорды іске қосқаны туралы жаздық.