Астана балабақшаларында тәрбиешілердің тек 6 пайызында арнайы білімі бар

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана балабақшаларындағы тәрбиешілердің тек 6 пайызында арнайы білімі бар. Бүгін елордадағы Тамыз кеңесінде қалалық білім басқармасының басшысы Эльмира Суханбердиева осылай айтты.

«Мектепке дейінгі білім беру саласында тәрбиешілердің тапшылығы өзекті болып отыр. Бұл негізінен тәрбиеші категориясы жоқ жас мамандардың келуіне байланысты. Мектепке дейін ұйымдардың жалпы көлемінде мектепке дейінгі арнайы жоғары білімі бар педагогтардың үлесі 6 пайызды құрап отыр», - деді ол.

Оның сөзіне қарағанда, Астанада жалғыз гуманитарлық колледж ғана мектепке дейінгі білім бойынша мамандарды даярлайды. Олар жылына орта біліммен 50-ден астам маманды оқытып шығарады.

Осыған байланысты басқарма басшысы ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіповке осы мамандық бойынша еліміздің түлектері үшін жұмыс орындарын үлестеу (квоталау) мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.