«Ақ түннің жұлдыздары» атты музыкалық марафон дөңгеленген дүниедегі ең танымал халықаралық фестивальдерінің бірі. Мұнда Пласидо Доминго, Ульяна Лопаткина және Диана Вишнева секілді белгілі тұлғалар өнер көрсетті. Олардың арасында қазақстандық «Астана Балет» театры да бар. Бірнеше ғасырлық тарихы бар Мариинск театрында «Астана Балет» ұжымы осымен үшінші рет өнер көрсетіп отыр. «Әркез сахнаға шығар алдында құдды бір емтихан тапсырып отырғандаймыз», - дейді бишілер. Өнер иелері бұл жолы да қобалжуда.
«Қатты қобалжып тұрмын. Мұндағы сахнаның аты аңызға айналған. Сондықтан көрермен алдына шығарда міндетті түрде моральдық тұрғыда дайындаламыз. Қойылымға жарты сағат қалғанда жетекшіміз бәрімізді жинап, бізді шабыттандыруға тырысады», - деді балерина Назерке Ахмет.
Астаналық театрдың қойылымын тамашалауға Санк-Петербург қаласының тұрғындары да келген. Көрермендердің қатарында әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристер, балеттанушылар және театр сыншылары бар. Залда ине шаншар жер жоқ. Билеттер сатылып кеткен. Бұл жолы «Астана Балет» ұжымы еуропалық хореографтар қойған спектакльді көпшілікке ұсынды. «Астана Балет» көрермендерді таңғажайып би әлеміне жетелейді. Жерлестеріміз ұсынған әсерлі «Гайя» спектаклі табиғаттың төрт құдыреті туралы баяндайды.
«Көкте самғап жүргендей әсер қалдырғымыз келді. Бұл ойымыз жүзеге асқан секілді. Біздің хикаямыз әлемдегі үйлесімдік туралы баяндайды. Табиғатты күту керек деген ой тастайды көрерменге. «Астана Балет» ұжымымен бірге жұмыс істеу маған қатты ұнады. Бұл біздің бірге қойған соңғы спектакліміз емес», - деп өз ойымен бөлісті. қоюшы хореограф Рикардо Амаранте (Бельгия).
Сәл үзілістен кейін қазақстандық әртістер «Клеопатра» балетін көрермен назарына ұсынды. Бірақ бұл жолы өнер иелері бізге үйреншікті махаббат хикаясын емес, патшайым өмірінің көпшілік біле бермейтін оқиғасын паш етті. Қойылымда Клеопатра мен кіші сіңлісі Арсинояның таққа таласу сәті көрсетіледі.
"Мен бұл қыздармен бірге жұмыс істей бастағанда сұлулық туралы аңыз ойлап тапқым келді. Әсемдіктің эталоны кім десе, барлығы, әрине, Клеопатра деп жауап қайтарады. Бірақ біз қойылымды ер адамдарсыз жасауға бел будық», - деді қоюшы хореограф Николай Маркелов (Ресей).
«Астана Балет» ұжымының Мариинскідегі алғашқы өнер көрсетуі ресейлік сыншылардың әлі есінде. Ваганова атындағы Орыс балет Академиясының профессоры Ольга Розанованың айтуынша, елордалық театр әртістері әлемнің ең үздік сахналарында өнер көрсетуге лайық.
«Бүгінгі кеш өте қызықты өтті. Қазақ труппасы тамаша өнер көрсетті. Есесіне, бұл қойылымда тек әйел адамдар ғана ойнады. Олар ер азаматтар тарапынан қолдау көрген жоқ. Бәрін өздері билеп шықты. Меніңше, спектакльді әлемнің кез-келген сахнасында көрсетуге болады», - А.Я.Ваганова атындағы Орыс балет Академиясының профессоры Ольга Розанова.
Астаналық театрдың ерекшелігі сол, мұндағы әртістер кез-келген экспериментке дайын. Түрлі жанрдағы спектакль қойып, өзінің көрермендерін қайран қалдыра алады.