«Astana Ballet» театры қала күніне ерекше қойылым дайындап жатыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана күнін атап өтуге санаулы уақыт қалды. Қазір қаладағы барлық өнер ұжымдары қызу дайындық жасап, әрқайсысы көрерменді өзіндік тосын сыймен қуантпақ. Құрылғанына небары екі жыл болса да, өзіндік көрермені бар мемлекеттік «Astana Ballet» театры да бірегей қойылым дайындап жатыр. Бір актілі балетті қоюға театр басшылығы ресейлік хореограф Никита Дмитриевскийді шақырған.

Бұл туралы astana.kz жазады.

Никита Дмитриевский, ресейлік хореограф:

«Бұл техника, музыка, хореография мен жарықтың қосындысы. Қойылым сәтті шығуы үшін үлкен шығармашылық топ жұмылдырылған. Оның ішінде компьютерлік графика, суретшілер, аниматорлар, сазгерлер бар. Осылай бәріміз жұмыла жұмыс істегенде спектакль сәтті шығады деп сенемін».

Айгүл Тати, «Astana Ballet» мемлекеттік театрының бас балетмейстері:

«Астана балет» ұжымы 2 жылдан бері үлкен тәжірибе жинады. Репертуардың кеңейіп, балалардың машықтанғаны үлкен тәжірибенің нәтижесі. 01-25 Күндегі дайындық біздің жетіспеген пластикамызды, басқа да жақтарымызды дамытып, жұмыс істеу барысындамыз. Жаңа қойылым халықтың көңілінен шығады деп ойлаймын».

Театр ұжымы 3D-мэппинг пен видеоинсталляция мамандарын да арнайы шақырып отыр. «Әлем» деп айдар таққан туынды б.д.д заманнан бастап бүгінге дейінгі көріністі көрермен алдына әкелмек. Қазір соңғы жұмыстар пысықталып, арнайы музыка жазылып, костюмдер тігілуде. «Сұлулық әлемді құтқарады», демекші, сұлулық пен әлем ұштасқан қойылымға балет әртістері мықты дайындықпен келген.

Айнұр Сұлтанғожаева, «Astana Ballet» мемлекеттік театрының әртісі:

«Бұл біз үшін жаңа бағыттағы қойылым. Никита Дмитрийевскиймен жұмыс істеу барысында біз үлкен тәжірибе алудамыз. Оның би қою ерекшелігі менің ойымша қазақ және Еуропа би өнерлерін синтездеу. Аз уақыт аралығында спектакль қою әркімнің қолынан келе бермейді деп ойлаймын. Бұл біз үшін үлкен жауапкершілік. Халықтың көңілінен шығады деген ойдамыз».

Тұсаукесері 27 маусымға жоспарланған қойылымға 40-қа жуық әртіс қатысады. Одан кейін театр ұжымы Еуропа елдеріне гастрольдік сапарға аттанбақ.