«Астана» баскетбол командасы WASL лигасындағы екінші жеңісіне қол жеткізді
АСТАНА. KAZINFORM – Баскетболдан «Астана» командасы кезекті жеңісін тойлады.
Prosports.kz спорттық порталының мәліметінше, Азияның WASL лигасы аясында елордалық «Велотрек» аренасында өткен матчта қазақстандық клуб сириялық «Аль Вахда» командасынан басым түсті. Қорытынды есеп – 88:64.
Осы нәтижеден кейін «Астана» «А» тобының турнирлік кестесінде 2-орынға жайғасты. Келесі кездесу елордада өтеді. 15 қаңтарда астаналық ұжым өз алаңында ирандық «Шахрдари Горган» командасын қабылдайды.
Айта кетейік, бұл – «Астана» үшін WASL аясындағы үшінші маусым. 2023 жылы команда қола жүлдеге қол жеткізсе, өткен маусымда топтық кезеңнен шыға алмады. Ал биылғы маусымда елордалық клуб Ресейдің ВТБ Бірыңғай лигасына қатысудан үзіліс алып, бар күшін Азия аренасындағы ойындарға бағыттап отыр.
Еске сала кетсек, бұдан бұрын Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында ерлер арасында волейболдан Қазақстан кубогының ойындары мәресіне жеткенін жазған едік. Аталған турнирде «Жетісу» командасы топ жарды.