Астана базарларында сараптама орталығының мамандары тұрғындарға азық-түліктің сапасын тексеріп береді (ФОТО)
Қала әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті ұйымдастырған шара 2009 жылы алғаш рет қолға алынған болатын.
Акция аясында сатып алушылар тағам өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасын анықтай алады. Ұлттық санитарлық-эпидемиологиялық сараптама орталығы көкөністер мен жемістер құрамындағы нитраттардың мөлшерін анықтау үшін зертханалық зерттеулерді тегін жүргізеді, азық-түлікті термиялық өңдеуді бақылайды, сонымен қатар, сүт өнімдерінің қышқылдылығын анықтап береді.
«Өткен жылы 1000 адамға консультация берілді, 800 астам талдау жасалды. Зертхана экспресс-режимде жұмыс істейді. Егер қиындықтар туындаса, зерттеулер қайта жүргізіледі. Мұнда бактериологиялық және физика-химиялық зертхана өкілдері де бар. Егер нитраттар көп мөлшерде анықталса, өнімдер сатылымнан алынып тасталады», - деді Астана қаласының Тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті директорының орынбасары Мейрамғали Молдашев.
Жыл сайын өткізілетін акцияның мақсаты - халық көп тұтынатын тағамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша құқықтары мен оларды қорғау жолдары туралы құқықтық сауаттылық пен ақпараттылықты арттыру.
Мұнымен қоса, акция барысында қала тұрғындарына өз құқықтарын қорғау мәселелері бойынша кеңестер беріледі. Акция ертең сағат 10.00 бастап «Шапағат» базарында жалғасады. Биыл «Әрбір тұтынушыға қауіпсіз өнім» акциясы 7 қалалық базарда өткізіледі.