Астана базарларындағы кемшіліктер мен заң бұзушылықтар анықталады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Биыл мамыр айынан бастап елордадағы 25 базарға мониторинг жүргізіледі. Шараның басты мақсаты - қалалық базарлардағы сауда орындарының қызметіндегі кемшіліктер мен бұзушылықтарды анықтау. Бұл туралы astana.kz сайтына Астана қаласының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасынан хабарлады.

«Мониторинг жүргізу және анықталған кемшіліктер мен заң бұзушылықтарды жою үшін Қазақстан Республикасының Үкіметінің «Сауда базарларының қызметін ұйымдастыру ережелерін бекіту туралы» қаулысына сәйкес арнайы жұмыс топтары құрылды. Оның құрамына қалалық Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының өкілдері енді.

Жұмыс тобының мүшелері күн сайын елордалық нарықтарды аралап,бұзушылықтарды тіркейді, сондай-ақ, кәсіпкерлермен түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Ал кәсіпкерлер өз кезегінде, аталған бұзушылықтарды шұғыл арада жойып, атқарылған жұмыстар туралы есептерін ұсынуы керек. Осы өкімнің орындалуын бақылау Астана қаласы әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбековке жүктелді. Тексеру жұмыстары аяқталған соң елордалық базарлардың жағдайына жалпы талдау жасалады», - деп жазылған хабарламада.