Бұл туралы astana.kz сайтына ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Мемлекеттік санитарлық-індетті қадағалау комитетінің Астана қаласы бойынша департаменті індетті қадағалау бөлімінен мәлім етті.
Маусымның басында базарға келіп түсетін тауарлардың сапасы туралы тұрғындардың хабардарлығын арттыру мақсатында ерте піскен құлпынайға, бүлдірген мен қиярға, орамжапыраққа, аскөкке, тағы да басқа көкөністер мен тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі мен сапасына департамент «Астаналық базар» («Артем» СО) жабық базарында «Әр үйге қауіпсіз азық-түлік» акциясын өткізді.
Көкөністер мен жеміс-жидектердің құрамындағы нитраттарды, азық-түлік тағамдары - сүт пен шұжық өнімдеріне микробиологиялық түзбесі тексеріліп, балдың табиғилығы, қымыздың қышқылдық дәмі сараптан өткізілді.
«Бұл күні барлығы жеделтетілген түрде 71 тағам, атап айтқанда, балдың табиғилығын тексеруге 3 сынама, көкөніс пен жеміс-жидектің 56 сынамасы, азық-түлік тағамдарының микробиологиялық түзбесін анықтау үшін 12 сынама алынды. Тексерудің қорытындысы барлық тағамдардың талапқа сәйкестігін, тұтынуға қауіпсіз екендігін анықтады»,- деп хабарлайды ведомстводан.
Осы сынды акциялар алғаш рет өткізіліп отырған жоқ. 29-30 сәуірде «Шапағат» коммуналдық базарында және 2-4 мамырда «Астаналық базарда» азық-түлік тағамдарына зерттеу жүргізілді. Осы күндер аралығында балдың табиғилығына 11 сынама жүргізілсе, көкөніс пен жеміс-жидектердегі нитраттың мөлшерін анықтайтын 46 сынама, сондай-ақ, 24 сынама азық-түлік тағамдарындағы микробиологиялық бактерияларды анықтауға арналды. Талапқа сай келмейтін азық-түлік тағамдары табылған жоқ.
«Жеміс-жидектер мен бақша дақылдарының шығуы мен сатылым маусымдарында осындай акция өткізу тұрақты дәстүрге айналуда», - деп атап көрсетеді ведомстводан.