Астана белгілі жазушы Дүкенбай Досжанмен бақұлдасады

АСТАНА. 16 қыркүйек. ҚазАқпарат - Қазақстанның белгілі жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының және М.Әуезов атындағы Ұлттық сыйлықтың лауреаты, «Мәдени мұра» республикалық журналының бас редакторы Дүкенбай Досжан дүниеден өтті.

Қазақстанның редакторлар клубы astana.kz сайтына хабарлағандай, жазушымен қоштасу сейсенбі күні, 17 қыркүйекте сағат 10.00-11.00 Астана қаласы, Омаров к-сі 47 «б» мекенжайы бойынша Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ музыкалық драма театрында өтеді.

Сағат 13.00 Астана қаласы Қошқарбаев көшесі 95 мекенжайы бойынша Хазірет Сұлтан мешітінде ас беріледі.

Дүкенбай Досжан көпшілік сүйіп оқитын қазіргі заманғы қазақ жазушыларының бірі. Ол жазушы, прозашы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының және М.Әуезов атындағы Ұлттық сыйлықтың лауреаты. Оның есімі Қазақ энциклопедиясына және АҚШ-тың «Әдебиет пен өнер адамдары» жинағына алтын әріптермен жазылған. Қазақ жазушысының шығармалары әлемнің 19 тіліне аударылып, жалпы 3 миллионнан астам таралыммен жарық көрген. Дүкенбай Досжан 1942 жылы Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында туған. Ол шығармашылық жолында 11 роман, 24 повесть пен 100 астам әңгіме жазған.

«Қиын қадам» кітабы мен «Жібек жолы» романы жазушының есімін елге кеңінен тараты. Бұл еңбегі үшін жазушы украин басылымының беделді «Үздік тарихи роман» сыйлығына ие болды.