«Astana Bike» тұрағындағы велосипедтерді бөлшектеп ұрламақ болғандар қолға түсті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы «Astana Bike» тұрағындағы велосипедтерді үш жігіт бөлшектеп, ұрламақ болған, деп хабарлады Астана қ. ІІД баспасөз қызметінен.

«19 сәуірге қараған түні Астана қаласы Ішкі істер департаменті Жедел басқару орталығының инспектор-операторы бейнебақылау камералары арқылы көшеден күдіктілерді байқаған. Олар Мәскеу және Жеңіс көшелерінің қиылысындығы «Astana Bike» велопрокат тұрағындағы велосипедтердің орындығы, тепкіш және өзге де бөлшектерін шешіп алып жатқан», - делінген хабарламада.

Олардың әрекеті байқалысымен оқиға орнына жол-патруль полициясының экипажы жөнелтілді. Тәртіп сақшылары 22, 25 және 27 жастағы үш күдіктіні ұстап, «Сарыарқа» аудандық ІІБ жеткізді.

Аталған факт бойынша, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тінту кезінде 1988 ж. туған күдіктілердің бірінің рюкзагынан прокат тұрағындағы велосипедтердің бөлшектері мен саймандар табылды. Полиция қызметкерлері олардың өзге де қылмыстарға қатыстылығын тексеріп жатыр.