Астана билігі аспанды торлаған түтінді қалай сейілтуге болатынын айтты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының әкімдігі аспанды торлаған түтінді сейілтуге бағытталған бірқатар жолдарды ұсынып отыр. Ұсыныстарға бүгін қала әкімдігінде өткен баспасөз мәслихатында қалалық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұса Танабаев кеңінен тоқталды, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«2017-2018 жылдарға арналған кешенді жоспар туралы айтып өтсем. Бүгінгі таңда қала әкімі тиісті тапсырма беріп, оған толықтырулар енгізуді жүктеді. Кешенді жоспарды жүзеге асыру үшін 5 жұмыс тобы құрылды. Олар: атмосфералық ауаның сапасын арттыру, көліктің кері әсерін азайту, жеке тұрғын үйлерде жылу маусымында қауіпті қалдықтарды өртеу жағдайының алдын алу, ағаш отырғызу, су ресуртарына байланысты мәселелерді бақылау жұмыстарымен айналыcатын топтар. Бұл топтарға әкімдік және жауапты органдардың қызметкерлерімен бірге Қазақстан экологтары қауымдастығының өкілдері енді. Жұмыс тобының жұмысы жуық арада аяқталады», - дейді ол.

Жұмыс тобы жүргізген шаруаларға сәйкес, Астана қаласының билігі бірнеше ұсынысты әзірлеген.

«Бүгінгі күні қандай ұсыныстар түсіп жатыр? Біріншіден, қала әкімдігі Астана қаласының аумағында жаңа нысандардың құрылысын жүргізген кезде қатты отындарды жағуға арналған автономдық қазандықтарды пайдалануды 2018 жылдан бастап шектеуді ұсынады. Астана қаласында отын ретінде көмірді қолданатын 400-ге жуық кәсіпорын бар. Осыған байланысты, 2019 жылы қатты отынды осы кәсіпорындарда қолдануға тыйым салу жоспарлануда. Оларға нысандарын қайта жөндеуге 1 жыл беріледі. Яғни, аталған кәсіпорындардың бәрін табиғи газға көшіру көзделуде», -дейді Мұса Танабаев.

Басқарма басшысының айтуынша, үшіншіден, электромобильді көлік иелеріне жеңілдік беру қарастырылған. Сонымен бірге, ескі қалаларды утилизацияға жіберу үшін насихат жұмыстары жүргізіледі.

«Техникалық тексеру кезінде техниканың газды қаншалықты бөлетінін бақылау жоспарланып отыр. Бұған қоса мемлекеттік органдарға қатты отын мен жанар-жағармай сапасын бақылауға алатындай ұсыныс әзірлеп жатырмыз. Сонымен бірге, Астана қаласының әкімдігі элекр энергиясын тұтынуда түнгі жеңілдік тарифін қайтаруды ұсынады», - дейді Мұса Танабаев.