Астана білім басқармасы мектеп жолындағы қоршауға қатысты түсініктеме берді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қалалық білім басқармасы №84 мектеп-лицейі оқушыларының білім ордасына жету үшін темір қоршаудан секіріп өтуге мәжбүр болуына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Есіл ауданы әкімінің аппараты сол жерге қызметкерлердің баруын ұйымдастырды. Аталған ескертулерді жоюға бағытталған жедел шаралар қабылданды. «ҚазМұнайГаз» ЖҚС-ке қатысты әкімшілік хаттама толтырылды және жанармай құю стансасының учаскелік қызметкерінің қатысуымен қоршау бұзылды. Аталған жерге қиыршық тас төселді. Енді учаскеге жарық орнатылатын болады. Астана қалалық білім басқармасы ата-аналардан балаларын бұл учаскеде қалдырмауын сұрайды. Балалардың жанармай құю стансасына тақау өтуі қауіпсіз емес және дұрыс та емес. Аталған мектептің Ақмешіт көшесі жағынан екі ресми кіреберісі бар. Ал балалардың секіріп өтіп жүрген жерлерінен өтуге болмайды», - делінген білім басқармасы таратқан ақпаратта.

Бұған дейін елордалық №84 мектеп-лицейінің оқушылары білім ордасына жету үшін темір қоршаудан секіріп өтуге мәжбүр болып жүргенін хабарлаған болатынбыз .