Астана – Бурабай бағытында «Burabay Express» жаңа электрпойызы іске қосылды

Фото: «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM — Ұлттық тасымалдаушы Астана – Бурабай бағдары бойынша «Burabay Express» жаңа электрпойызын іске қосты. «Жолаушылар тасымалы» АҚ баспасөз қызметі мәлім етті.

– «Жолаушылар тасымалы» АҚ жолаушыларға Астана-Бурабай курорты бағдары бойынша №888/887 «Burabay Express» Comfort+ жаңа буын электрпойызын ұсынып отыр, – делінген хабарламада.

Пойыз алты вагоннан тұрады және 374 орынға арналған. Ол барлық қажетті техникалық тексерулерден өткен. Қазіргі уақытта Кеден одағының техникалық регламентінің талаптарына сәйкес құжаттаманы ресімдеу аяқталады.

Тасымалдаушы компанияның дерегінше, пойыз дизайнында қол жетімділік пен инклюзивтілік мәселелеріне ерекше назар аударылған. Әр класта биодәретханалар, соның ішінде мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға арналған арнайы бейінделген кабиналар қарастырылған. Мүмкіндігі шектеулі жандарға ыңғайлы болу үшін платформалық көтергіштер қарастырылған.

— Автоматты шығарылатын аяқ тіректері, әсіресе егде жастағы жолаушылар мен балалары бар отбасылар үшін ыңғайлы отырғызу мен түсіруді қамтамасыз етеді. Пойыздағы әрбір орын мобильді құрылғыларды зарядтауға арналған USB қосқышымен жабдықталған. Сонымен қатар, құрамда салқын сусындар мен жеңіл тағамдар қарастырылған, — деп жазды ұлттық тасымалдаушы компаниядан.

Еске сала кетейік, бұған дейін жазғы маусымда 11 бағыт бойынша қосымша пойыз қатынайтынын жазған едік.