Астана циркінде «Африка алыптары» қайырымдылық шоуы өтеді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 18 ақпан күні Астана қаласының циркі «Африка алыптары» атты керемет шоу өтеді. Шоу жетім балалар мен онкологиялық ауруға шалдыққан балаларға арналған, деп хабарлайды қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі.

Көрсетілімге Ақкөл, Сандықтау, Есіл және Үрпі ауылдарындағы балалар үйінің тәрбиеленушілері, сондай-ақ, Ана мен бала Ұлттық ғылыми Орталықтың балалар онкологиясы бөлімінің емделушілері келеді.

Кішкентай көрермендер шоуды тамашалап қана қоймай, цирк әртістерінің жұмысымен танысады. Шоу «Bestforkids» қоғамдық қоры белсенділерінің көмегімен өтеді. «Балалар үйінің бүлдіршіндеріне арналған мұндай шаралар балаларға жаңа білім алып, танымын жетілдіруіне мотивация берері сөзсіз. Аталмыш шараны ата-ана қамқорынсыз өсіп жатқан балапандарды ересек өмірге дайындау мен бейімдеуге бағытталған акция десек те болады, - дейді «BestforKids» ЖФ президенті Сая Кәкім.

Естеріңізге сала кетсек, жыртқыш аңдардың қатысуымен өтетін «Африка алыптары» шоуы 4 ақпаннан бастап Астана циркінде өнер көрсетуде.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, бағдарламаға акробаттар, әуе гимнасттары мен күлкілі сайқымазақтар кіреді. Сонымен қатар, суматралық жолбарыстар, ақ арыстандар, арқанмен жүретін лақ, маймылдар мен көңілді иттер де көпшілікті өз өнерімен тәнті етпек. Мүйізтұмсық Бони мен керік Багирдің цирк бағдарламасының жұлдызына айналары сөзсіз. Мұндай экзотикалық жануарлар Астаналық цирк манежіне сирек шығады.