Астана дәріханаларында медициналық маска қымбаттап, тапшы тауарға айналды

АСТАНА.  Шілденің 27-сі. ҚазАқпарат /Айгүл Түлекбаева/ - Астана   дәріханаларында     демалыс күндері  медициналық  маскалар  қымбаттап,   тапшы  тауарға  айналды.

ҚазАқпарат тілшісі бір маска сатып алу үшін,   қаладағы  ондаған   дәріхананы аралап шықты. 

Дәріхана  қызметкерлері  сатып алушыларды «қала бойынша еш   жерде жоқ. Дүйсенбі-сейсенбі күндері жеткізуге уәде беруде»,  деп шығарып салуға мәжбүр. «Кірген адамның барлығы   оксолин   майын сұрайды.    Қазір  көтерме  фирмаларда  да  ол май  жоқ.   Егер болса,  біз 50 шақтысына,   тіпті 100-іне   тапсырыс берер едік.    Дәке маскалар да  жоқ.    Дүйсенбі күні көтерме фирмалармен  хабарласамыз.    500 маскаға  тапсырыс береміз»,  дейді «Аптека 24»     дәріханасының фармацевті  Зарина  Ахметова.

«Дәке  маскалар  аз қалды.   Күні  бойы сұрап   қала бойынша еш жерде  жоқ көрінеді», - дейді «Айфарм» дәріханашысы  Айнаш  Алымқұлова.

Бейбітшілік көшесінің  бойында орналасқан  «Частная аптека 99», «Докторфарм», «Гиппократ»  дәріханаларында    не  маска,  не  оксолин майы  жоқ.  Ал теміржол  вокзалындағы  дәріхана  дүңгіршегінде   оксолин майы  мен  масканың  жоқтығы туралы    хабарлама ілініп тұр. Ал   маска  бар жерлерде сауданың  қызу  жүріп жатқанын  айта  кету керек.  «Дәке маскалары 100-200-ден сатылып  кетуде,   бүгін  160  бірлік  оксолин  майын  саттық», дейді  «Еуразия-2» сауда үйінде  орналасқан  «Жеке кәсіпкер  Жиенбаева»  дәріханасының   сатушысы Мария  Смағұлова.

Дәріханаларда жоқ маскалар,     жеке саудагерлердің  қолында жүр.   Уәлиханов  көшесіндегі бұрынғы  орталық  базардың  орнында  бөлшек саудагерлерден    масканы  көлеміне  қарай  30 немесе 50 теңгеге сатып  алуға болады.  «Жұма күннен  бері маскалар 50 теңгеден  сатылуда.  Кеше ғана 20 теңге  тұрған еді.   Алыпсатарлар    масканы    көп қылып сатып алып, көшелерде сатып тұр.   Жағдай  шыныменен осылай  болса,   маскаларды тегін  тарату керек», - дейді  «Артем»   базарының      жанында сауда жасайтын    Алтынай Гүлімбетова.

Бұған дейін елордалық    фармацевтикалық     бақылау  департаменті,   тұмауға қарсы дәрілер  мен    дәке маска  бағаларының  қыбаттауына  жол бермес үшін    қатаң  бақылау    жүргізіп   отырғанын   хабарлаған болатын.

«Баға   көтерілмейді.  Біз  бағаны көтермеу  туралы дәріханаларға телефонограммалар  жібердік.      Бірақ  та,    аталмыш медициналық тауарларды  қымбат бағамен  сататын    жеке кәсіпкерлердің,  дәріханалардың   табылатынын жоққа  шығармаймын.  Ондайлармен      байланыс орнату  қиын, себебі      телефондары  жоқ және оларды  табу  қиын»,  деді сенбі күні     департаменттің   дәрілік  заттардың    пайдаланылуын  бақылау  бөлімінің бастығы  Ералы Нұрғазин.