Астана дельфийліктерді қарсы алады

АСТАНА. 24 қыркүйек. ҚазАқпарат - Ертең, 25 қыркүйекте «Бәйтерек» халықаралық медиа-орталығында Астана қаласында ТМД қатысушы мемлекеттерінің «Жастар жігері» атты VII ашық жастар Дельфий ойындарының ашылуына арналған баспасөз мәслихаты өткізіледі.

Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі хабарлап отыр.

ОғанХалықаралық Дельфий комитетінің директоры Владимир Понявин, ҚР Білім және ғылым министрлігі Жастар ісі комитеті төрағасының м.а. Нұрлан Өтешев пен  ТМД қатысушы мемлекеттерінің VII ашық жастар Дельфий ойындарын ұйымдастыру мен өткізу бойынша штаб бастығы Еркебұлан Мұқанов қатысады.

Ойындарға әлемнің 20 шақты елінің жастары қатысады. 10 мен 25 жас аралығындағы 600-ден астам қатысушы өнер саласының скрипка, фортепиано, халық әндері сияқты дәстүрлі түрлерінен бастап, веб-дизайн, ди-джей сияқты заманауи түрлеріне дейін өз өнерлерін көрсетіп, бақ сынайды. Әділ қазылар алқасының құрамында Италия, Молдова, Румыния, Ресей сияқты елдерден келген танымал музыканттар, бишілер, суретшілер бар.