«Астана» Джиро д'Италиядағы екінші жеңісіне қол жеткізді

АСТАНА. 26 мамыр. ҚазАқпарат - «Астана» велоклубының капитаны Роман Кройцигер «Джиро д'Италия» суперкөпкүндігінің 19-кезеңінің жеңімпазы атанды.

Бұл қазақстандық команданың Джиродағы екінші жеңісі. Бұның алдында 7-турда «астаналықтардың» сапынан Паоло Тиралонго көзге түскен болатын.   

 «Бұл мен үшін өте маңызды жеңіс болды. Себебі мен бірер күндер бұрын жарыстан шығып қалудың сәл-ақ алдында тұрдым. Мен қатты қалжырап кеттім, алайда командалас достарым мені қолдады. Бүгінгі жеңіс - Джиродағы 17-кезеңде орын алған сәтсіздігімнен кейінгі менің қолымнан келер істің ең азы», - деді мәреге жеткен бойда Р. Кройцигер.

 Еске сала кетейік, Р. Кройцигер 17-кезеңде өзінің қарсыластарынан 10 минуттан астам уақыт қалып қойып, Джироның жүлделі орнын жеңіп алуға барлық мүмкіндіктерінен айырылған болатын.

 Кеше Р. Кройцигердің жеңісті күнінде команданы қолдауға әйгілі Александр Винокуров келгенін айта кету керек. «Астана» көшбасшысы А. Винокуров 2010 жылы дәл осы Альпе ди Пампеаго таулы кезеңінде жеңіске жеткен болатын.    

 «Бұл өте ауыр тау, мен оны Джиро дель Трентино жарысынан бері білемін. Ол кезде мен жеңіске жеткен едім. Таудың ұшар басы жеткізбей қояды, велошабандоздарды өте қатты қалжыратып жібереді. Роман осы жеңісімен өзінің чемпион екендігін дәлелдеді, оның бойында мінез бар», - деп атап көрсетті А. Винокуров.   

 Р. Кройцигер 19-кезеңде үздік атанды. 195 шақырымға созылған жолда спортшылар жоғары дәрежелі 3 таулы бөліктерді артқа тастады. Соның бірі - Альпе ди Пампеаго тауында мәре сызығы орналасты. Астаналық спортшы кезеңнің орта тұсында әлсіздік танытқандай болды. Команданың Джиродағы капитаны болып таңдалған 26 жасар чех велошабандозы трассадан шығып қалуы мүмкін деген күдіктер пайда болды. Алайда Роман көмбеге жақындар тұста өз бойынан күш тауып, қарсыластарын 3 шақырымға дейін озып кетті. Оған командаластары Андрей Зейц пен Кевин Зеелдерс көмектесті. Олар ойластырылған тактика бойынша жарыс барысында пелотоннан ұзап кеткен болатын.

 Р. Кройцигерден кейін «Гармин» командасының мүшесі Райдер Хесьедал екінші келді. Джироның жалпы есебінде бірінші келе жатқан Хоаким Родригез үшінші орын алды.

Бүгін Италияда 219 шақырымға созылған жарыстың соңғы таулы кезеңі өтеді.  Пелотон 2 757 метрлік Пассо Делло Стельвио атты ең биік тауды бағындырады.