Астана экономикасының 60 пайыз үлесін кәсіпкерлер қамтып отыр - И. Тасмағамбетов
Бұл туралы бүгін елорданы дамыту жөніндегі кеңесте шаһар басшысы Иманғали Тасмағамбетов мәлім етті.
Қаланың экономикалық әлеуетіне тоқталған әкім, «соңғы төрт жылдың нәтижесінде қаланың экономикалық және физикалық өсімінің үрдісі жалпы елордадағы жалпы өңірлік өнімнің (ЖӨӨ) құрылымында сапалы өзгерістерге жол ашты. Егер де осыны тыңғылықты қарастыратын болсақ, біріншіден - жалпы өңірлік өнімдегі қамтуда қызмет көрсетудің үлесінің тұрақты өсімі байқалуда. 2007 жылмен салыстырғанда ЖӨӨ-дегі қызмет үлесі 7 пайызға артты және 2012 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша 62 пайызды құрап отыр»,-деді.
Оның сөзінше, 2012 жылдың үшінші тоқсанында 2011 жылдың 9 айына қарағанда құрылыс жұмыстарының көлемі 12,1 пайызға жоғарылаған.
«Қаланың саяси және әкімшілік мәртебесіне қарамастан Астананың экономикасы нарықтың сұранысына нақты іс-қимылдар жасай бастады. Бәрінен бұрын шағын және орта бизнес субъектілерінің жандануын атап өтуге болады. Бүгінде кәсіпкерлік секторы қала экономикасының 60 пайыздық үлесін қамтып жатыр», - деді И. Тасмағамбетов.
Биылғы қыркүйектің басында тіркелген шағын бизнес субъектілерінің көлемі 40 мың 751-ді құрап, бұл 2011 жылдағы көрсеткіштен 5,7 пайызға артық.
Шағын және орта бизнес өндіріп шығарған өнімнің көлемі 2012 жылдың қаңтар-тамызында 608 млрд. теңгеден астам қаржыға жетті.