Астана ЭКСПО кезінде көлік кептелісімен қалай күреспек

АСТАНА. ҚазАқпарат - Елорда әкімдігінің жолаушылар көлігі басқармасы жолдағы көлік кептелісін жоюға бағытталған кешенді шараларымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Басқарма сарапшыларының пайымынша, барынша тиімді шаралардың бірі - уақытша тұрақтары болмақ.

«Уақытша тұрақтарының ұстанымы мынадай: көрме орталығына барғысы келгендер өз көліктерін тұрақта қалдырып, қалаған жерлеріне дейін қоғамдық көлікпен барады. Бұл шара көше жолдары желісіндегі жүктемені айтарлықтай төмендетіп, негізгі тас жолдардағы кептелестердің санын азайтады. Уақытша тұрақтарын күзет бекеттерімен және ақпараттандыру жүйесімен жабдықтау жоспарланған. Олар 2017 жылдың 25 мамырында іске қосылады деп жоспарланған. Ұстап қалу тұрақтары мына мекен жайларда орналасады: Елордалық цирк, «Қазақстан» СК, Оқушылар сарайы, «Астана Арена» стадионы, «Барыс Арена», «Думан» ОСО, қалалық саябақ, Бейбітшілік пен келісім сарайы, Мәңгілік ел, Тұран даңғылдары бойындағы тұрақтар, «MusicHall» мейрамханасы, «Алатау» СК», 31-інші көше, «Хан Шатыр» СОСО», - деді қалалық жолаушылар басқармасынан.

Жолдардағы көлік кептелісімен күреске бағытталған шаралардың бірі  түрлі кәсіп қызметкерлерінің жұмыс кестелерін  өзгерту  болмақ.

Естеріңізге сала кетсек, 1 маусымнан бастап елорда  жаңа жұмыс уақыт кестесіне көшеді. Астана қалалық жолаушылар көлігі басқармасының бастығы Бекмырза Игенбердиновтің айтуынша, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесі қарсаңында және көрме кезінде елордада көлік саны арта түсетін болады. Ал бұл өз кезегінде қала көшелерінде кептелістің көптеп орын алуына түрткі болары анық. «Осыған орай жұмыс уақытын саралау мына экономикалық санаттарға жүргізіледі. Құқық қорғау органдарының, медицина, білім беру ұйымдарының, балабақша, мектептердің жұмыс уақыты бұрынғыша қалдырылады. Құрылыс ұйымдарының жұмыс уақытын сағат 9-дан 7-ге, қаланың коммуналдық қызметтері мен өнеркәсіптік және өндірістік секторларын 9-дан 7.30-ға, халыққа қызмет көрсету орталықтары мен қаржы институттарын 9-дан 10-ға, сауда, ойын-сауық ұйымдарын 10-нан 10.30-ға, ұлттық  компанияларды 9-дан 9.30-ға ауыстыру ұсынылады», - деді Игенбердинов.

Сонымен қатар республиикалық басқару органдарының, жергілікті атқарушы органдардың жұмыс уақытын сағат 9-дан 8.30-ға, ал жоғары оқу орындары мен мамандандырылған оқу орындарының жұмыс уақыты 9-дан 10-ға ауыстырылады.

Мұнан бөлек, Астанада таңғы сағат 6.00-ден  бастап 23.00-ге дейін  салмағы 3,5  тоннадан асатын жүк көліктерінің қозғалысына шектеу енгізіледі. Бұл шектеу 2017 жылдың 7 маусымынан 12 қыркүйекке дейін қолданыста болады.