- Боранбай аға, келе жатқан мерекеңіз құтты болсын! Асыға күткен Астана күні де жақындап келеді. Бұл мерейлі мерекені көрген де арманда, көрмеген де арманда. Алыстан ат сабылтып, арнайы осы торқалы тойды тамашалауға келетіндер қаншама?! Сіз бұл мейрамды қалай қарсы аласыз?
- Рахмет! Өзіңе де құтты болсын! Бізде осы мереке қарсаңында халықаралық театр фестивалі басталады. Өзің айтқандай, еліміздің түкпір-түкпірінен әріптестеріміз ағылады. Биыл тіпті шетелдерден де келіп жатыр. Мереке күндеріндегі барлық уақытымыз осында, театрда өтеді. Мұның өзі біз үшін жұмыс қана емес, үлкен мереке. Сонымен қатар, ол үлкен жауапкершілік. Неге десеңіз, бізге басқа жақтан келгендер «Астана! Опера! Филармония! Театр!» деп келеді. Олар бізді жоғары бағалап келеді. Сондықтан біз солардың үдесінен шығу үшін барымызды саламыз.
Отбасым да осы театр фестивалі басталғаннан біткенше театрда болады. Тек содан кейін ғана Хан Шатыр, Бәйтерек сияқты Астананың символына айналған орындарға барып, одан қалса, Есілдің бойын аралап қайтамыз.
- Оқырманға өзіңіз туралы бірер ауыз айта кетсеңіз... Қайда тудыңыз, қалайша актер болдыңыз, Астанаға қашан келдіңіз?
- Мен 1969 жылы Оңтүстік Қазақстанда дүниеге келдім. Ал негізгі ата жұртым, шыққан тегім - Мұқағалидың ауылы - Алматы облысындағы Кеген ауданы. Трайбализмге бармай-ақ қояйық, руым - Албан. Екі жасымнан бастап сол Кегенде өстім, оқыдым, ержеттім.
4 сыныпта оқып жүргенде Әзірбайжан Мәмбетов түсірген «Қан мен тер» фильмін көріп, Тұңғышбай Жаманқұлов ағамыздың сомдаған рөліне тәнті болып, өскенде актер болам деген бала қиялым сол кезде басталған еді. Кейін әскерден келіп, Т. Жүргенов атындағы өнер академиясына құжат тапсырып, Қадиша Бөкееваның сыныбына түстім. Ал енді тағдырдың сыйын қараңыз, кураторым Тұңғышбай ағамыз болып шықты. Міне - өмір! Міне - тағдыр! Осылайша бала арманым орындалып, өз көзіммен бір көруді аңсап жүрген актерім өзімнің ұстазып атанды. Академияда 4 жыл оқып, «Тұңғышбайдың класы» деп аталып кеткен, қазірде елге танымал бір топ актерлер: Ерлан Біләлов, Асылбек Боранбаев, Дулыға Ақмолда, Ұлан Үсіпәлиев және тағы басқалар Тұңғышбай ағаның шеберханасынан түлеп ұшып, өнердің әр саласына кеттік. Сол кезде Оралда драма театрын құрып, жас актерлерге үлкен қолдау көрсетіп жүрген Жамбылбек Есенбеков марқұм дипломдық жұмыста үш спектакль қойып, өз өнерімізді көрсеткеннен кейін, мені қалап алғандай қып, Оралға алып кетті. Сол Оралда жиырма жыл жұмыс істеп, бір жарым жылдай бұрын Астанаға ат басын тіредім.
- Астанаға қалай келдіңіз? Не түрткі болды? Кім демеу болды?
- Осыдан он шақты жыл бұрын Әзірбайжан Мәмбетов ағамыз сахнадағы өнерімді көріп, бағалап, Астанаға шақырған еді. Сол кездегі тұрмыс қамымен, жұмыс бабымен бұл ой іске аспай қалған болатын. Өйткені Оралдағы театрдың алдыңғы буын ағалары болдық та, жастарға жол сілтеп, бағыт беретін адамдар керек болды. Осындай жағдайлармен Астанаға алып ұшқан жүрегімізді сабыр деген тізгінмен тартып, біраз уақыт жүріп қалдық.
Негізі, менде өнерге тоқмейілсу деген жоқ. Мен өнерге ешқашан тойған емеспін! Болдым, толдым деген адам алысқа бармайды, сол жерде тынады да қалады. Сондықтан әрдайым ізденіспен, әрдайым қол созумен жүретін ішкі талабым мені сүйреп Астанаға алып келді. Алып келгенде де, Жақып Омаров, Әзірбайжан Мәмбетов сынды алыптар қызмет еткен, қазақ сахна өнерінің сүлейі Қалибек Қуанышбаевтың атындағы қарашаңыраққа алып келді. Әрине, алғашында қиын болды. Баспанасыз, студенттік кездердегі сияқты, пәтерден-пәтерге сабылып жүрген кездер де болды. Алайда театрдың бірлікшіл ұжымына тез сіңісіп, өз орнымды тез тауып алдым. Бір сөзбен айтқанда, екінші тынысым ашылды деуге де болады. Осында келгелі 1 жыл 7 ай болды, 4 спектакльде ойнадым, маған 4 рөлді сеніп тапсырды, сол сенімді абыроймен ақтап шықтым. Алда әлі де көп жұмыстар күтіп тұр.
- Жалпы Астана туралы қандай ой түйдіңіз? Сіз үшін Астана несімен құнды?
- Қазақ қонақжай халық қой. Екі бөлмелі үйің болса, соның бір бөлмесіне барлық көрпе-жастығыңды, жылы-жұмсағыңды төсеп, қонақтарды күтуге арнайсың. Сол сияқты біздің Астанамыз да кез келген шетелдік қонаққа ұялмай көрсететіндей жауһарымызға айналды. Астана - елдің төрі ғой. Бұл әрине, ең алдымен Алланың қалауы, содан кейін Елбасы мен елдің қажыр-қайратының жемісі. Бүгінде Астананы кім білмейді?! Келе жатқан ЕХРО көрмесіне дүниежүзі дүрлігіп дайындалып жатыр. Олардың барлығы ертең Астанаға қарай ағылады. Сол кезде Астананың абыройы қазіргіден де асқақтай түседі.
Өзім өнер адамы болғаннан кейін, елорданың рухани өміріне көбірек қызығамын. Құдайға шүкір, Астана елдің тек экономикалық, саяси орталығы ғана емес, рухани-мәдени ордасына да айналып келе жатыр. Астана-Опера салынып, ел игілігіне берілді. Онда әлемге әйгілі опера әншілері мен балет бишілері өнер көрсетуде. Өзіміздің қарагөздеріміз де осы театр арқылы әлемдік мәдениеттен қалыспай, еліміздің опера өнерін төрткүл дүниеге таныта бастады.
Сонымен қатар, жақын болашақта үлкен драма театры салынады деген сөз бар. Бұл да біз үшін үлкен қуаныш.
- Қарапайым қала тұрғыны демалыс күндері театрға, концертке, киноға, барады. Ал осылардың ортасында жүрген өнер адамы демалысын қалай өткізеді екен?
- Біз де адамбыз ғой. Біз де қолымыз қалт еткенде елордамыздың көрікті жерлерін аралап, саябақтарында демаламыз. Астанада бос уақытты тиімді әрі әсерлі өткізудің сан түрлі жолдары бар. Мәселен, өзім Бәйтерек түбінде өткізіліп жүрген «Асық-патиге» барамын. Асық ойнау - бала кезден бергі ермегім. Ал қазір оны ермегім ғана емес, ұлттық болмысымыздың бір бөлшегі деп білемін. Осындай бастама жасап, ұлттық ойындарымызды насихаттап жүрген жігіттерге алғысым шексіз.
- Бала кез бен дана кезде асық ойнағанның айырмашылығы қандай екен?
- Бала кезде сабақтан қашып, сөмкені қалақайдың ішіне лақтырып кетіп, күні-бойы бет-аузымыз, қол-аяғымыз жарылғанша ойнайтын едік. Ол кездегі құлжаның сақалары да басқаша, керемет болатын. Оларға қорғасын құйып та керек емес еді. Ал қазір тас көшеде, асфальт үстінде біртүрлі ойын қызбайтын сияқты. Дегенмен, балалық шаққа бір саяхат жасап қайтқандай болатының рас!
- Астанаға ең алғаш қашан келіп едіңіз? Сол кездегі Астана мен қазіргі Астана қандай?
- Мен Астанаға ең алғаш 1998 жылы жастардың І форумына Батыс Қазақстан облысының делегациясы құрамында өкіл боп келдім. Ол кезде Ақорда әлі салынып бітпеген болатын. Сол форумда Елбасы жастарға арнап жалынды сөздер айтқан еді. «Жастар, айналайын, болашақ - сендерсіңдер! Астананың келешегін сендер көресіңдер! Біз оны өзіміз үшін емес, сендер үшін салып жатырмыз», - деген болатын. Сол кезде тек мен ғана емес, форумға қатысқан барлық жастар «Пах, шіркін! Сол күнге тезірек жетсек екен!» деп тамсанғанбыз. Міне, сол сөздердің бүгінгі куәсі болып жүрміз. Бұл да болса тәуелсіз еліміздің, егемен мемлекетіміздің арқасы деп білемін! Астанамыз күннен күнге қарыштап дамып, әлемдегі әйгілі қалалардың біріне айналатынына сенімім мол. Лайым солай болғай!
- Әңгімеңізге рахмет, аға!