Астана еліміздің инновациялық жүрегі - Н.Назарбаев

None
АСТАНА. 6 шілде. ҚазАқпарат - Астана еліміздің инновациялық жүрегі, деп жазады ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін баспасөзде жарық көрген «Астана - Қазақстанның ұлы дәуірі және стратегиялық векторы» деген тақырыптағы мақаласында.

«Өзімнің сөйлеген сөздерімнің бірінде мен жаңа елордамен байланысты алғашқы шешімдерімнің бірі Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін құру туралы Жарлығым болғанын ерекше атап өткенмін. Ол 1996 жылы әлі сол кездегі Ақмоланың елорда функцияларын қабылдауға орай ауқымды дайындықтар бас­талуымен бір мезгілде құрылған еді. Мен үшін бұл қағидатты шешім болды. Мен жаңа Қазақстан елордасын, бірінші кезекте, еліміздің ірі ғылыми-білім беру орталығы ретінде көрдім. Сондықтан менің ерекше қамқор­лығымдағы мәселе Астананың жұмыс істеп тұрған жоғары оқу орындарын дамыту және жаңаларын құру болды. Жұмыс істеп тұрған өңірлік жоо-лар нығайтылды және жаңғыртылды. Осылайша С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық универ­ситеті мен Қазақ мемлекеттік медицина академиясы (бүгінде - Астана медицина университеті) пайда болды. 2001 жылы Ресей басшылы­ғы­мен уағдаластық бойынша Астанада М.В.Ло­моносов атын­дағы Мәскеу мемлекеттік уни­верситетінің қазақстандық филиалы ашылды. Мемлекеттің белсенді ықпалымен Астанада бірқатар мемлекеттік емес жоо-лар - Қазақ гуманитарлық-заң университеті, Қазақстан-Ресей университеті, Еуразия гуманитарлық институты және басқалары жұмыс істей бас­тады», - деп жазады Елбасы.

Мемлекет басшысының атап өтуінше, 2010 жылы қазірдің өзінде инновация­лы Қазақстан үшін кадр­лар дайындауға бағыт ұстанған, Қазақстанның мүлдем жаңа ғылыми-білім беру жүйесінің жетекші флагманы болып табылатын Назарбаев Университеті ашылды. Ол мамандарды халықаралық үлгі-қалыптарға сәйкес дайындайтын, автономдық пен академиялық еркіндік қағидаттарына сай жұмыс істейтін тұңғыш қазақстандық университет болды. Назар­баев Университеті әлемдегі 30 үздік жоғары оқу орындары рейтингіне кіре­тін жетекші шетелдік ғылыми-білім беру орталықтарымен ынтымақтасып отыр.

Оның инженерлік, ғылым мен технология, медицина, гуманитарлық және әлеуметтік ғылымдар мектептерінде, Бизнестің жоғары мектебінде, Мемлекеттік саясаттың жоғары мектебінде, Білім берудің жоғары мектебінде бір жарым мыңға тарта студент білім алуда.

Қазір Назарбаев Университе­тінің ар­қауында Энергетикалық зерттеу­лер ор­талығын, Өмір туралы ғылым­дар орта­лығын, Білім беру саяса­ты орталығын қамтыған ұлттық инновация­лық-зият­керлік кластер жедел қалыптас­тырылуда.

Қазір Қазақстанның барлық ірі жоғары оқу орындарының жұмыстары Назарбаев Университеті үлгісі бойынша құрылып, соған ұқсас­тырыла жүргізілуде.