Астана емханаларында жас отбасыларға арналған Ашық есік күндері өтеді

АСТАНА. 4 қыркүйек. ҚазАқпарат - 5-6 қыркүйекте астаналық дәрігерлер барлық емханаларда тегін кеңестер береді. Бұл туралы astana.kz сайтына қалалық Денсаулық сақтау басқармасынан хабарлады. Ашық есік күндері биыл елімізде алғаш рет атап өтілетін Отбасы күніне орайластырылып отыр.

«Іс-шара аясында Астана қаласындағы жас отбасыларға салауатты өмір салты және репродуктивті денсаулықты қорғау бойынша тегін кеңестер беріледі. Бұдан басқа, психолог, педиатр, гинеколог, терапевт мамандары жеке кабинеттерде жас отбасыларды қабылдап, дәрігерлік көмек көрсетеді. Сонымен қатар, «Отбасын жоспарлау орталығы» кабинеті де жұмыс істейтін болады»,- деп хабарлады astana.kz сайтына ведомствоның баспасөз қызметінен.

Аталған іс шараның мақсаты - жастарға, отбасы құрғандарға немесе құруды жоспарлап отырғандарға ақпараттық-білім беру, соның ішінде, медициналық көмек көрсету, сондай-ақ, әлеуметтік маңызды аурулардың алдын алу және олардың туындау факторларын төмендету мәселесі бойынша көмек көрсету.