Астана емханаларында жұртшылыққа тегін кеңес беріледі

АСТАНА. ҚазАқпарат - 18 қарашада сағат 12:00-де №1 қалалық ауруханада Дүниежүзілік созылмалы обструктивті өкпе ауруларына қарсы күрес күні өтеді. Шара барысында елордалық белгілі пульмонолог дәрігерлер науқастарға кеңес беріп, дәрігерлер үшін дәрістер оқиды, деп хабарлайды astana.kz.

Кеңес алуға және дәріс тыңдауға қызығушылық танытқандарға №1 қалалық емханаға тегін апару ұйымдастырылған. Автобустар келесі медициналық мекенжайлардан қатынайды: 1) №5 қалалық емхана (Ақан сері көшесі, 20) сағат 11.00-ден 11:30-ға дейін; 2) №4 қалалық емхана (Шевченко көшесі, 1) 11.00-ден 11:30-ға дейін; 3) «Шапағат» медициналық орталығы (Абылай хан даңғылы, 30) 11.00-ден 11:30-ға дейін. Айта кетейік, аталмыш акцияның мақсаты - ауру туралы мәліметтерді кеңінен арттыру, науқастарға көрсетілетін көмекті жақсарту, темекіге тәуелділікті төмендетуге ықпал ету, темекіге қарсы күреске халықтың барлық топтарын тарту, темекі шегудің алдын алу және темекінің ағзаға зиянды әсері туралы қоғамды ақпараттандыру болып табылады.