«Астана-Энергия» АҚ басқармасының төрағасы пара алды деген күдікпен қамауға алынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана-Энергия» АҚ басқармасының төрағасы Марат Қабиденов пара алды деген күдікпен қамауға алынды, деп хабарлайды ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің баспасөз қызметінен.

«Қаржы полициясының Астана қаласы бойынша департаменті ҚР ҚК 311-бабының 1-бөлімі (пара алу) бойынша 2014 жылғы 26 шілдеде «Астана-Энергия» (100% мемлекеттің үлесі) АҚ басқарма төрағасы Қ. деген азаматқа қатысты жеңілдетілген сотқа дейінгі өндіріс бойынша қылмыстық іс қозғады. Ол ауданаралық экономикалық сотқа тауарларды уақытында жеткізбегені үшін берген шағым бойынша шара қолданбау үшін «А.» ЖШС-нің менеджері Ү. деген азаматшадан 850 мың теңге пара алу кезінде ұсталды», - деп жазылған Қаржы полициясының хабарламасында.