Астана ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған шахмат олимпиадасы өтеді
АСТАНА.KAZINFORM - Биыл 20–25 қазан аралығында Астанада ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған ІІ Шахмат олимпиадасы (2nd Chess Olympiad for People with Disabilities) өтеді. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі хабарлады.
Оған әлемнің 32 елінен келген 35 команда қатысады. Салтанатты ашылу рәсімі 20 қазан күні сағат 14:00-де басталады.
Жарыс Паралимпиадалық жаттығу орталығында (Нұра ауданы, Қараөткел-3 шағын ауданы, Ақшоқы қиылысы, 2) өтеді.
1–5-турлар 20–24 қазан аралығында сағат 15:00-де басталады, ал 6-шы тур 25 қазанда сағат 11:00-де өтеді.
25 қазанның кешінде жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау және жабылу салтанаты ұйымдастырылады.
Ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған ІІ Шахмат олимпиадасы (2nd Chess Olympiad for People with Disabilities) – «төртке төрт» форматындағы командалық жарыс.
Аралас командалар үш санаттағы ойыншылардан құрыла алады: есту қабілеті бұзылғандар, көру қабілеті бұзылғандар және тірек-қимыл аппараты зақымданғандар (ТҚАЗ). Әр командада кем дегенде бір әйел ойыншы және қалаған жағдайда кем дегенде екі халықаралық шахмат федерациясы (ФИДЕ) рейтингі бар ойыншы болуы тиіс. Команда капитаны ойыншы бола алады.
Қатысушы командалар:
• Еуропа – 9 команда: Польша (2023 жылғы шахмат олимпиадасының жеңімпазы), Венгрия, Германия, Израиль, Солтүстік Македония, Сербия, Украина, Хорватия және Чехия;
• Азия – 7 команда: Бангладеш, Үндістан, Мьянма, БАӘ, Өзбекстан, ФИДЕ-1 және Филиппин;
• Солтүстік және Оңтүстік Америка – 7 команда: Аргентина, Венесуэла, Колумбия, Панама, АҚШ Чили және Куба;
• Африка – 5 команда: Мысыр, Замбия, Зимбабве, Кения және Уганда;
• Ерекше қажеттіліктері бар ойыншылардың халықаралық қауымдастығы (International Associations of Players with Disabilities) үш командамен қатысады: есту қабілеті бұзылғандар – International Chess Committee of the Deaf (ICCD), көру қабілеті бұзылғандар – International Braille Chess Association (IBCA), тірек-қимыл аппараты зақымданғандар – International Physically Disabled Chess Association (IPCA);
• ФИДЕ президентінің квотасы бойынша екі команда ұсынылған – ФИДЕ-2 және Қазақстан ICCD;
• Жарыс иелері – Қазақстан екі командамен шығады: Қазақстан-1 және Қазақстан-2.
Олимпиада аясында International School Chess Federation әлеуметтік-білім беру бастамаларын жүзеге асырады: гроссмейстердің балалармен бір мезетте ойнау сеансы, Коста-Риканың спорт және рекреация министрі Дональд Рохас пен басқа да қонақтармен мотивациялық кездесу, сондай-ақ ерекше қажеттіліктері бар балаларды қолдауға бағытталған жаттықтырушылар мен ата-аналарға арналған семинар өтеді.
Айта кетейік, әлем чемпионатында қазақстандық жас шахматшылар 3 алтын жеңді.