«Астана» Еуропа Лигасының плей-офф кезеңіне өтпей қалды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Еуропа Лигасының топтық кезеңінің 5-турындағы матчта «Олимпиакос» пен «Янг Бойз» тең түсіп, «Астананы» топтан шығу мүмкіндігінен айырды.

Пирейдегі «Караискакис» стадионында өткен матч 1:1 есебімен аяқталды. 48-минутта «Олимпиакостың» жартылай қорғаушысы Константинос Фортунис есеп ашса, 58-минутта швейцариялық команданың шабуылшысы Гийом Оаро есепті теңестірді, деп жазды Sports.kz.

Осылайша, бес ойыннан кейінгі «В» тобындағы турнирлік жағдай: АПОЭЛ - 9 ұпай, «Олимпиакос» - 8, «Янг Бойз» - 5, «Астана» - 5.
Атап өткен жөн, «Янг Бойз» бен «Астана» шешуші турда жеңіске жетсе де, жеке кездесу бойынша «Олимпиакос» олардан басым түсіп тұр.

8 желтоқсан күні АПОЭЛ мен «Олимпиакос» Никосияда кездесіп, топтан кімнің шығатыны анықталады, ал Бернде «Янг Бойз» «Астананы» қабылдайды.

Еске сала кетсек, «Астана» футбол клубы өз алаңында кипрлік АПОЭЛ-ден басым түсті. Биылғы Қазақстан чемпионының еурокубоктағы табысы 4 миллион еуродан асты. Кешегі кипрлік АПОЭЛ-ді Еуропа Лигасының 5-іріктеу туры аясында жеңуі «Астана» қоржынына тағы 360 мың еуро әкелді.