«Астана» ФК ойындарға билет сатудың инновациялық жүйесін енгізді
«Астана» клубы бұқаралық-мәдени іс-шараларға билет сатумен айналысатын «Тикетон» желісімен серіктестік орнатқан болатын. Осыған байланысты, футбол маусымының алғашқы ойындарынан бастап, футбол сүйер қауым үшін билеттер он-лайн режимінде «Тикетон» (ticketon.kz сайты немесе мобильдік қосымшалары) арқылы, клубтың сайтында (fca.kz), сонымен қатар «Тикетон» серіктестері көмегімен - еліміздің ең белгілі спорттық жаршылары sports.kz және vesti.kz, nur.kz, zakon.kz, jam.kz, afisha.kz, yvision.kz және т.б. сайттарда, Қазақстанның ең ірі ойын-сауық орталықтарында, Qiwi және Kassa24 терминалдары арқылы сатылады», - делінген баспасөз баянында.
Билет сатып алу үшін, біріншіден, ойынды және «Астана Арена» стадионының кез келген секторында қалайтын орынды таңдау керек. Төлем жасалған соң билеттің өзі ұялы телефонға және электрондық поштаға жолданады. Стадионға өту үшін жанкүйер қағазға басылған электрондық билетті көрсетеді.
Футбол клубының әкімшілігі атап өткендей, ойындарға билеттерді он-лайн режимінде ғана емес, «Астана Арена» стадионының кассаларында ойын өтетін күні алуға болады. Билет ақысы секторға байланысты 200 теңгеден бастап 2000 теңгеге дейін, ал 7 жасқа дейінгі балалар үшін кіру тегін. Сонымен қатар 7-16 жас аралығындағы жеткіншектер, студенттер мен зейнеткерлер үшін 50% мөлшерінде жеңілдік бар (зейнеткерлік куәлік, туу туралы куәлік, студенттік билет болса).
«Бұған қоса, маусымдық абонементтер де сатуға шығарылады, оның құны 3500 теңгеден бастап 34000 теңгеге дейінгі аралықты қамтиды. Абонемент алған адам Премьер Лиганың 16 ойынын, Қазақстан Кубогының барлық жергілікті ойындарын, сондай-ақ Чемпиондар Лигасының квалификациялық раундтарының 2 ойынын тамашалай алады», - делінген баспасөз баянында.