«Астана» ФК сапына бесінші шабуылшы келіп қосылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Астана» ФК Кюрасао құрамасының және Бельгияның «Гент» командасының шабуылшысы Рангело Янгамен келісімшартқа қол қойды, деп хабарлайды «SPORTINFORM» САА.

Янга «Астананың» биылғы маусымдағы бесінші шабуылшысы болды. Қазір командада бұдан басқа қазақстандық шабуылшылар Алексей Щеткин мен Роман Мұртазаев, сербиялық Джордже Деспотович және конголық Джуниор Кабананга бар. Бұл айтылғандардан бөлек, елордалық ұжым жуырда ғана бразилиялық шабуылдаушы, жартылай қорғаушы Педро Энрикені де қатарына алған болатын.

«Астана» ФК баспасыөз қызметінің мәлімдеуінше, Янга Роттердамда дүниеге келіп, әртүрлі жастағы Голландия жасөспірімдер құрамасында доп тепкен. Ал есейген шағында өз тегінің құрамасы - Кюрасаоны (Нидерландтық Антиль аралдары) таңдаған. Ол өз ұлттық құрамасы сапында 2017 жылы Кариб Кубогында жеңіске жеткен. Рангело Янга Кюрасао құрамасы сапында 10 ойын өткізіп, 4 гол соққан.

Клубтық деңгейдегі соңғы маусымда Янга екі чемпионатта өнер көрсетті. 2018 жылдың көктемінен бастап Белгияда «Гент» сапында ойнап, осы командамен бірге Еуропа Лигасына жолдама алып, 17 ойында 5 гол соғып, 4 нәтижелі пас берді.
Рангело 2017/18 маусымның басында Словакиялық «Тренчин» сапында өнер көрсетіп, 17 ойында 14 гол соқты. 26 жастағы шабуылшы 2016/17 жылдардағы маусымда дәл сол словакиялық «Тренчин» сапында ойнап, 14 гол соғу арқылы чемпионаттың үздік сұрмергендері қатарынан көрінді.

Янга өз еңбек жолында голландиялық «Вильям II», «Экселсиор» және «Дордрехт» командалары сапында доп тепкен.

Еске сала кетейік, «Астана» Черногорияның «Сутьескасын» екі ойында да жеңіп, Еуропа Чемпиондар лигасының бірінші іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен болатын.