«Астана» футбол клубының бас директоры тағайындалды

АСТАНА. KAZINFORM — «Астана» футбол клубы бас директор болып Алтай Даумовтың тағайындалғанын хабарлады.

Фото: Алтай Даумовтың жеке мұрағатынан

Елордалық клубтың баспасөз қызметінің хабарлауынша, Алтай Даумовтың қазақстандық футбол саласында көпжылдық тәжірибесі бар. Бұл тағайындауға дейін ол Қазақстан футбол федерациясының құрылымында түрлі қызметтер атқарған, сондай-ақ ҚФФ президенті лауазымына үміткер болған.

Даумов UEFA CFM (Certificate in Football Management) бағдарламасының дипломына ие және Қазақ спорт және туризм академиясында «Спорттық менеджмент» мамандығы бойынша докторантураны тәмамдаған.

Бұған дейін ол «Жетісу» футбол клубында коммерциялық директор қызметін атқарды. Сондай-ақ Қазақстан халықаралық футбол мектебін құруға қатысып, Қазақ спорт және туризм академиясы жанындағы футбол клубын басқарды. Ол 2024 жылдың соңында Қазақстан футбол федерациясы президентінің сайлауына қатысып, отандық футболды реформалау бағдарламасын ұсынған болатын.

Еске салайық, Қазақстан Премьер-лигасының 13 турында «Астана» 22 ұпай жинап, турнирлік кестеде төртінші орында тұр.

Айта кетейік, «Астана» футбол клубының бас директоры Қайсар Бекенов қызметінен кетті.